Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар еліміз бен Марокко Корольдігінің арасындағы қылмыстық істерге қатысты бірқатар заңды қарап, мақұлдады.

Қоғам мен мемлекет қауіпсіздігі маңызды

Палата отырысында «Қазақ­стан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратифика­циялау туралы», «Қазақстан Рес­публикасы мен Марокко Король­дігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді рати­фикациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралды. Талқылау кезінде аталып өткендей, келісімдерді ратификациялау Қазақстан немесе Марокко аумағында сот төрелігінен жасырынған адамдарды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етуге, екі ел азаматтарының құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаны толықтыруға, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Мақұлданған заңдар Қа­зақ­стан мен Марокко Король­дігінің құқық қорғау саласындағы ынтымақ­тастығын одан әрі дамытуды көздейді. Бұл келісімдер қоғам мен мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған. Келісімнің ережелері ұстап және сотталған адамдар­ды берудің шарттары мен рәсім­­дерін реттейді. Сондай-ақ азамат­тарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайды. Алда­ғы уақытта осы заңдар екі ел­дің қылмысқа қарсы күрес жолын­дағы бірлескен қызметінің тиім­ділігін арттырады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар заң еліміз бен Марокко Корольдігінің құзы­ретті органдары арасындағы қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін екі елдің аумақтарында анық­талған адамдарды экстрадициялау мәселелерін де қарастырады.

«Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның нормаларына сәйкес, сотталған адамда Үкім шығарушы мемлекеттің азаматтығы болса, сондай-ақ тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес үкімнің күші жойылса, онда сотталған адамды беруден бас тартылады. Бұған қоса келісімде рақымшылық немесе кешірім жасау актісін қолдануға қатысты нормалар мен үшінші тарап берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзит мәселелері қарастырылған. Алайда «Қазақстан Республика­сы мен Марокко Корольдігі ара­сындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда уағдаласушы мемле­кеттердің өз азаматтарын ұстап беруі көзделмеген.

Ал «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасын­дағы қылмыс­тық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келі­сімді ратификациялау тура­лы» заңда құзыретті органдар ара­­сында дәлелдемелер мен мә­лі­­меттерді уақтылы алмасуын қамтамасыз ететін норма­лар жа­зыл­­ған. Бұл құжат қылмыстық іс­тер­­ді тергеудің жеделдігін арттырмақ.

Аграрлық салада маман тапшы

Сенатор Ернұр Әйткенов аграрлық саладағы кадр тапшы­лығы мен маман даярлау сапасы­ның төмен екенін Үкімет назарына салды. Депутаттың мәлімдеуінше, қазір ауыл шаруашылығына шамамен 6,5 мың маман қажет, оның жартысынан көбі жоғары білікті болуы керек. Мәселен, фермерлік шаруашылық қызметкерлерінің 28 пайызының ғана салалық білімі бар. Агроном, ветеринар, агроинженер секілді өнімді қайта өңдеу мамандары жетіспейді. Жас­тардың ауылдан кетуі, жала­қының төмендігі және мансап бойынша өсу мүмкіндігінің жоқ­ты­ғы жағдайды қиындата түскен.

– Тіпті даярлығы бар жас ма­мандардың өзі инфрақұ­рылымы дамымаған, тұрғын үйі тапшы, қыз­метінде өсу мүмкіндігі шек­теулі ауылдарда қалудан бас тар­тып жатыр. «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы тиімді, бірақ оны одан әрі жетілдіру қа­жет. 2024 жылы әрбір үшінші ма­ман ғана жеңілдікті тұрғын үй несие­сін пайдалана алды, ал бағдарламаны қаржыландыру көлемі шамамен үштен біріне қысқарды. Мамандарды ауылда ұстап қаламыз десек, тұрғын үй мен әлеуметтік қолдауды арттыру керек, – деді Е.Әйткенов.

Сенатор жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламалары цифрландыру мен инновацияның заманауи талабына сәйкес келмейтінін, ғылым, білім, өндіріс арасындағы байланыс әлсіз болып отырғанын жеткізді.

– Аграрлық нарықта кадр қажет­тілігіне кешенді мониторинг жүргізіп, осы негізде білім беру бағдарламаларын жаңар­туды ұсынамыз. Цифрлық технологияны енгізіп, автоматтандыру мен инновацияға ерекше назар аудару қажет. Дуалды оқытуды дамытып, мамандарды көптеп тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибеден өткізу қажет, – деді сенатор.

Ауаны ластап отырған өнеркәсіптер

Ольга Булавкина өнеркәсіп орында­рының қызметіндегі бұзушылықтарды жедел анықтай алмай отырғанымызды айтты. Ал олар болса ауаны ластап, аза­мат­тардың өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіріп отыр.

– Ауаның ластануы ауру мен өлім қаупін арттырып отырғаны жасырын емес. Қалаларда шоғыр­ланған өнеркәсіптік кәсіпорындар қолайсыз метеожағдайға ұшыра­тып отыр, тіпті көк аспанымыздан түтін кетпейтін жағдайға жеттік. Бұл тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың өсуіне тікелей әсер етеді. Мұны ДДҰ мен Денсаулық сақтау министрлігінің деректері растап отыр, – деді О.Булавкина.

Сенатор ауаны парниктік газдармен улап отырған өнді­ріс орындарымен күресуге заң­нама­дағы олқылықтар кедер­гі келтіре­тінін айтты. Мұ­ның бәрі экологиялық заң бұзушы­лық­тарды анықтап, бақылауға алып, жазалауға мүм­кін­дік бер­мей отыр. Сондық­тан осы мәселе­ге қатысты заңды қайта қарау қажет.

– Мәселен, Кәсіпкерлік кодексі­нің 146-бабының 3-тармағы іс жүзін­де жұмыс істемейді. Заң талабы бұзылған сәтте олардың жолын кесу қажеттілігіне байла­ныс­ты жеке әрі заңды тұлғалар­дың өтініштері негізінде өнеркәсіп және өзге де кәсіпорындарда жос­пардан тыс тексерулерді негіздеу іс жүзінде мүмкін емес, – деді сенатор.

«Диктант жазу, көркем жазу жоқ»

Сенатор Руслан Рүстемов қазақ тілін оқыту жүйесіндегі ол­қы­лық­тарға наразылық білдірді.

– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің бас­ты кемшілігі балабақша, ме­к­­теп, жоғары оқу орындары бағ­­дарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқты­­ғы­нан деп пайымдайды. Бағ­дар­ламада баланың ойлау, сөй­­леу қабілеттерін дамыту дұ­­рыс ескерілмеген. Грамматикалық заңды­лықтарды тереңдете оқыт­пай­ды, баланың жас ерекше­лігіне сәйкес лингвис­тикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ, – деді Р.Рүстемов.

Сенатор сондай-ақ қазақ тілі оқулық­та­рында нақты ғылыми жүйенің жоқты­ғын сынады. Оның айтуынша, мектеп­тегі тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Сти­лис­тика» сияқты бөлімдері оқушылардың жасын ескере отырып және жүйені бұзбай, қарапайымнан күрделіге қарай оқытылуға тиіс.

– Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. «Филология» ма­ман­дығының білім беру бағдар­ламасында да қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінің санына ортақ тал­ап жоқ. Әр жоғары оқу орны про­фессор-оқытушыларының әлеуе­тіне қарай білім беру бағ­дар­ламаларын өз қалауынша дайын­дайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдар­лама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек, – деді сенатор.

Р.Рүстемов Үкіметке «Қазақ тілі» пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жоюды ұсынды.

Қажетті жобаларды қаржыландырмай отыр

Депутат Ләззат Рысбекова қолдау көрсетілген жобалар­дың салалық және өңір­лік құ­рылымындағы диспропорциясы үшін Қазақстан Даму банкінің акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның қызметін сынға алды. Депутат ҚДБ серпінді жобаларды қаржыландырып отырғанын атап өтті. Алайда бүгінгі таңда көз­делген міндеттер мен қолдаудың нақты бағыттары арасында айыр­машылық байқалады. Мәселен, 2024 жылы банк 58 жобаны 1,4 трлн теңгеге, ал осы жылдың 8 айында тағы 48 жобаны 1,2 трлн теңгеге қаржыландырды. Бұл ретте 17 серпінді ірі жобадан тек біреуі – автомобиль шығаратын «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытына ғана қаржы құйылған.

– ҚДБ жобаларды іріктеу кезінде стандартты банк рәсімі бойынша қарыз алушыларды не­с­ие қаржысын қайтару тұрғы­сынан ғана қарайды, олар­дың еліміздегі әлеуметтік-экономи­калық дамуға әсерін, оның ішінде жалпыұлттық пайданы да, өңдеу өнеркәсібін де есепке алмайды, бағаламайды. Банктің акционері – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ түпкілікті нәтижені назардан тыс қалдырып отыр. Қолдау тапқан жобаларда салалық және өңірлік құрылымды қаржыландырудағы алшақ­тық көп, – деді Л.Рысбекова.

Сенатор қонақүйлер салу және т.б. сияқты кішігірім жобаларды қоя тұрып, ресурстарды стра­тегиялық бағыттарды қаржы­лан­дыруға бағыттау қажеттігін айтты.

Кеден қызметі дербес болуы керек

Амангелді Нұғманов бұрын мемлекет­тік бюджет кірісінің үштен бірін қамта­масыз еткен Кеден қызметін жеке құрылым ретінде қалпына келтіру қажет­тігін айтты.

Еске салсақ, 2014 жылға дейін еліміздің кеден қызметі дербес кәсіби орган ретінде жұмыс істеді. Алайда сенатордың айтуынша, Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамы­на енгізілгеннен кейін институционалдық тәуелсіздігі жоғалып, сыртқы экономика­лық қызметті бақылау әлсіреді.

Депутат Парламенттің екі па­ла­тасы­ның бірнеше рет жасаған үндеуіне қарамастан, кеден орга­нының дербестігін қалпына келтіру мәселесі әлі сол күйінде қалып отырғанын айтып, Үкімет назарын аударды.

Сенатор Премьер-министрге осы мәселені жеке бақылауға алып, оған мемлекеттік маңызы бар мәртебе беру керектігін жеткізді.