Елде коммуналды тариф қымбаттайды.

Жауаптылардың айтуынша, бұл саясат саланы серпілту үшін керек. Себебі жылдар бойы қомақты қаржы салынбаған салада, проблема шаш етектен. Ал оның салдарын, қараша қыс ортасында бір-ақ сезеді. Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистермен бетпе-бет кездескен Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Жиында тағы не айтылды?

Өршіл, бірақ мүмкін міндет

Бүгінгі жиын бұрынғыдан өзгерек. Себебі тілші қауымның алдына Үкімет басшысының өзі шықты. Қойылған сауалдар да сан саланы қамтыды. Десе де, басым көпшілін елдің әлеуметтік — экономикалық жай-күйі алаңдатады. Оған негіз де жоқ емес. 2029 жылға қарай Қазақстанда жалпы ішкі өнім 450 млрд долларға жетуі керек. Бұл Президент тапсырмасы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тапсырма барынша өршіл, бірақ қол жеткізуге болады. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоспарда – 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу. Егер біз осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, онда алға қойған мақсаттарға жете аламыз.

Әр тиын — бақылауда

Биыл елде негізгі капиталға салынған қаражат артты. Мәселен, білім беру саласын қаржыландыру 3 жарым есе өскен. Бұл қатарда өңдеу өнеркәсібі, көлік және денсаулық сақтау салалары бар. Бір ғана мысал: бір мезетте 600-ден астам шалғай елді мекенде медициналық нысан бой көтеріп жатыр. Әлеуметтік саладағы түйткілдер енді қайтарылған активтер есебінен шешімін таппақ. Бірақ әр тиынның сұрауы бар. Өйткені қазына қаржысын түрлі айла-шарғы арқылы өз қалтасына басып қалғысы келетіндер тыйылмай тұр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз қазір ел азаматтарын алты санатқа бөлдік. Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді, деректер цифрланған, барлығы әл-ауқат деңгейі бойынша бөлінеді. Алтыншы санат – табыс деңгейі жеткілікті жоғары отбасылар мен адамдар. Алтыншы санатты біз әлеуметтік көмек алушылар қатарынан алып тастаймыз.Өкінішке қарай, бізде әлеуметтік тәуелділік пен әлеуметтік алаяқтық фактілері бар. Біз қазір әр істі жеке-жеке шешіп, барлық құйтырқылықтардың жолын кесеміз.

Халықтың әл-ауқатын арттыру — басты міндет

Яғни мемлекеттің міндеті – әрбір адамға мүмкіндік беру. Ал әлеуметтік көмек тек шын мұқтажға арналған. Осылай деген Үкімет басшысы масылдықтан ада болуға шақырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығында 100 мыңнан астам жұмыс орны бос. Әсіресе инженер, IT мамандары ауадай қажет.

Инфляция ырыққа көне ме?

Премьер-министр коммуналдық тарифтердің көтерілуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл саясат тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын дамытуға септеспек. Бағаны өсіру төркіні содан шыққан. Олжас Бектенов жылдар бойы көк тиын қаржы салынбаған салада кейінгі жылдары апат жиілеп, ел қыс ортасында жылусыз қалғанын еске салды. Десе де қарашаны бәрінен бұрын бүйірден қысқан қымбатшылық алаңдатып отыр. Бұл ретте Олжас Бектенов инфляцияны ырыққа көндіру үшін Үкімет тиісті қам-қарекет жасайтынын мәлімдеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі таңда соңғы деректер бойынша инфляцияның деңгейі 11,8 пайызға тұрақталды. Жыл соңына дейін 10 пайызға дейін төмендетеміз деген жоспарымыз бар. Бірақ бұл жерде өте маңызды мәселе: экономикалық өсім мен инфлация әрдайым бірге жүреді. Экономикалық өсімнің нәтижесінде адамдардың табысы өсуі керек, және өсімнің жылдамдығы инфлациядан жоғары болуы керек. Сонда нақты мәнде адамдардың әл-ауқаты өседі. Біз осыған бар күш жігерімізді саламыз.

Халықтың әл-ауқатын арттыру — басты міндет

Ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі. Девальвация күтілмейді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыру артып, шетелдік инвесторлар үшін жайлы орта қалыптастыру жалғасады. Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері жыл соңына дейін экономикалық өсім тағы 1,3 пайызға артуы мүмкін екенін айтты. Қазір ол 6,2 пайыз межесіне жетіп тоқтады.

Назерке Тоқжан, Абдулхамит Бөлекбаев