Испанияның Мурсия провинциясындағы Торре-Пачеко қаласында жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасындағы қақтығыстар екінші күн қатарынан жалғасып жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
Бүлік 11 шілдеде өткен наразылық митингі кезінде басталған. Шамамен 500 адам қатысқан шараның себебі — таңертең үйінің маңында серуендеп жүрген 68 жастағы ер адамға жасалған шабуыл. Жәбірленушінің айтуынша, оған болжам бойынша марокколық жігіт тап берген.
Мигранттарға қарсы ұрандармен өткен наразылық 12 шілде кешке жалғасты. Мурсия өңіріндегі үкімет өкілі Мариола Гевараның мәліметінше, қазір полицияға шабуыл жасаған бір адам қамауға алынған.
"Бұл екі жақтың ашық қақтығысына ұқсап кетті. Олардың арасында азаматтық гвардия бөгет жасап, жанжал мен жаңа залалды болдырмауға тырысты", — деді ол TVE телеарнасына берген сұхбатында.
Торре-Пачеко мэрі Педро Анхель Рока бұл наразылықтарға қала тұрғындары емес, әдейі жағдайды ушықтыру үшін келген адамдар қатысып жатқанын айтты.
"Қылмыспен зорлық-зомбылық арқылы күресуге болмайды. Бұл жолмен біз ештеңеге қол жеткізбейміз", — деді ол.
Мурсия өңірінің басшысы Фернандо Лопес Мирас кінәлінің барлығы заң алдында жауап беретінін атап өтті.
"Жалпыға ортақ ашу-ызаны түсінемін, бірақ біз ұлттық қауіпсіздік күштеріне және заңға сенуіміз керек", — деді ол.
Испаниялық БАҚ мәліметінше, Торре-Пачеко қаласында 40 мың адам тұрады, олардың үштен бірі — Солтүстік Африкадан шыққандар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз