Алакөл жағалауында «Қоғамдық эко-бақылау» акциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Шара аясында белсенділер, депутаттар мен полицейлер демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатқа ұқыпты қарау және тазалық сақтаудың маңыздылығы жөнінде жадынама таратты.

Жаз мезгілінде Алакөлге кем дегенде жүз мыңға жуық турист келеді. Кейінгі екі жылда демалушылар легі айтарлықтай артты. Сондықтан туристік және табиғи аймақтарда экологиялық ахуал қиындап, ластана бастады. Жергілікті билік өкілдері аумақты абаттандыру және тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырғанымен, мәселе әлі де өзекті. Көп жағдайда келушілер қоқысты жағажай бойында тастап кетеді.

Рахат Әбдірахманов, Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары:

- 2025 жылдың сәуір айынан бастап осы күнге дейін 24 сенбілік өткізілді. Соның нәтижесі бойынша 268 тонна қоқыс шығарылды. Оның 100 тоннаға жуығы осы Алакөл жағалауынан шығарылды.

Экобелсенділердің айтуынша, басты мақсат – адамдардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша Алакөл жағасында демалушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Мирлан Сағымбеков, Мақаншы ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Әркім отырғанда өзінің қоқысын алып кетсе, жанында екі-үш метр жерде жәшіктер тұр. Соған тастап отырса екен. Тазалық өзімізден басталады. Алакөл жағасында демалушылар, келген кісілер тазалыққа қараса дейміз. Кейбіреуі жақсы, риза болады. Жанында отырған балалар тастап жатса, «балам, ана қағазыңды жина», – деп айтып жатыр. Оған біз қуаныштымыз.

Дархан Мамытханов, Мақаншы аудандық мәслихатының депутаты:

- Демалушыларға, келіп жатқан қонақтарға айтарым, таза жер таза емес, таза ұстаған жер таза. Осы жердегі азаматтар қолдан келгенше тазалап, еңбектеніп жатыр.

Жағалаудағы рейдтік шараларға тәртіп сақшылары да атсалысты. Жалпы биыл абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ботакоз Дандыбаева, Медет Омирханов