Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласына сапары барысында тарихи-өлкетану мұражайы мен үстел теннисі орталығына барды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейін барып көрді. Ол өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді.

Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.

Сондай-ақ президент Қызылорда қаласындағы үстел теннисі орталығын аралап көрді. Кешенді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ "Samruk Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 миллион теңге қаржы бөлді.

Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді.

Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз