Бұл жайтқа қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті ресми түсініктеме берді.
Маңғыстау облысындағы кен орындарының бірінде бұрғылау қондырғысының құлаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға 9 шілде күні сағат 12:47 шамасында "Теңге" кен орнында №553 ұңғымада тіркелген. Қондырғыны орнату жұмыстарын "Petro Мұнай-Газсервис" ЖШС мердігерлік компаниясы жүргізіп жатқан. Бұрғылау мұнарасын көлденең күйге келтіру кезінде екінші және жоғарғы үшінші секцияларының түйіскен жерінде ақау пайда болып, мұнара құлап түскен.
Абырой болғанда, адам шығыны немесе зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай төтенше жағдай емес, өндірістік инцидент ретінде тіркелді. "Азаматтық қорғау туралы" заңға сәйкес, қауіпті өндірістік нысанды пайдаланатын ұйым оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі комиссиялық тергеу жүргізеді.