Алдағы жылдары Маңғыстау облысына 10 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осы арқылы 55 жоба іске қосылып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде құны 235 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Бұл 600-ден аса азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Маңғыстау облысы инвестициялық жобалар көлемі бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Бір жылдың өзінде өңірде құны 235 миллиард теңгеге тең 19 жоба іске қосылған. Ал соңғы үш жылда облысқа тартылған инвестиция көлемі 3 триллион теңгеден асқан.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- 2026-2032 жылдары құны 10 трлн.теңгеден астам 55 жобаны жоспарлап отырмыз. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды, аумағы қосымша 7,9 мың га жерге кеңейтілді және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес 23 жаңа қызмет түрлері ішіне қосылды.
Өңір экономикасының тағы бір маңызды қозғаушы күші – туризм. Жыл басынан бері қарт Каспий мен Бозжыра шатқалын көруге мұнда 350 мыңнан астам турист келген. Осы арқылы аймақ қаржысы 17 миллиард теңгеге толықты. 2029 жылға дейін облыста құны 198 миллиард теңгені құрайтын тағы 17 туристік жоба іске қосылмақ.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Туризм инфрақұрылымын кезең-кезеңімен іске асыру бойынша нақты жоспарларымыз бар. Біріншіден, көптің сұрауына ие болып жүрген, көп сұрақ қойылатын ол – Бозжыра. Бұл бағытта Бозжырада әуелі инфрақұрылымды дамыту үшін биыл 13,2 шақырымды құрайтын жолдың құрылысын бастадық. Келесі жылы электр жүйесін жеткізетін боламыз.
Бұған қоса, алдағы төрт жылда Бозжыра шатқалы маңында этноорталық, глэмпингтер және автоүйлер қолданысқа беріліп, келушілердің демалуына қолайлы жағдай жасалмақ.
Авторы: Назым Кенжебай