" TortTulik " мобильді қосымшасында осындай функция жылдың соңында қолжетімді болады.
Бұл жүйенің жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер 2023 жылы іске қосылған "TortTulik" қосымшасының ендігі тағдыры туралы сұрады.
"Бастапқыда іске қосылған кез келген жүйенің кемшіліктері мен ақаулары болады. Біз мұны білеміз, оған уақыт керек. Бұл жүйе жұмыс істейтін болады. Біз белгілі бір өзгерістер енгіздік. Қазір жүйе біршама тұрақты жұмыс істеп тұр", – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, кез келген техникалық құрал кезең-кезеңімен іске қосылады.
"Бірінші кезең ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған. Екінші кезеңде оны барлық жеке тұлғалар үшін іске қосамыз. Сондықтан қазір жеке тұлғаларға қатысты белгілі бір шектеулер бар. Бірінші кезеңде малды сату функциясы іске қосылды. Екінші кезеңде ет сату мүмкіндігі қарастырылып отыр", – деді Бағлан Бекбауов.
Жыл аяғына жеке тұлғалар қосымшаға тіркеліп, фермерлерден тікелей ет сатып ала алады.