Оны 3 адам ұрлап әкетіп, ақша талап еткен .
Оқиғаның Париж қаласында 23 маусым күні болғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Францияда өзбекстандық Anorbank банкінің 48 жастағы қожайыны Кахрамонжон Олимов қиын жағдайға тап болған. Ол Парижге француз серіктестерімен келіссөз жүргізу және жылжымайтын мүлік сатып алу үшін барған. Сонда Олимов өзін "Түркиядан келген сұлулық салонының қызметкерімін" деген жас келіншекпен кездесіп, оған телефон нөмірін бергені белгілі болды. Екеуі қонақүйдің жанында кездесуді жоспарлаған. Сол уақытта банкирге үш адам шабуыл жасайды.
Кәсіпкер биік қоршауы бар жеке резиденцияға барғанын айтады. Сол жерде Олимов өзі танысқан адамды да байқаған. Ер адам оны банктегі үлесімді тартып алды деп айыптап, 10 миллион доллар (5 196 300 000 теңге) көлемінде өтемақы талап еткен. Сосын банкирді ұрып-соғып, дарға асып өлтіретінін айтқан. Кейін Ницца қаласындағы виллалардың біріне ауыстырып, тағы да қорқыта түскен.
Anorbank банкінің қожайынын төлемнің бір бөлігін төленгеннен соң ғана бостандыққа жіберген. Олимов ол жерден шыққаннан кейін Ниццадағы теміржол вокзалына барып, пойызбен Парижге жеткен. Сосын ғана басынан өткен оқиғаларды полицияға рет-ретімен баяндаған. Дәрігерлер банкирдің денесінен көгерген іздер мен жарақаттарды, психологиялық күйзеліс белгілерін оңай байқаған.
1 шілде күні Франция полициясы бір күдіктіні, яғни Түркия азаматын тұтқынға алған. Содан кейін Олимов Ташкентке оралып, жеке күзетін күшейте түсті.
– Бұл басшымыз үшін өте өкінішті жайт болды. Дегенмен бәрі артта қалды, – деді оның жеке хатшысы.