Опера өнері – техника мен эмоция, академиялық шеберлік пен сахналық драма қатар үйлескен ерекше жанр. Осы күрделі өнерде қазақтың даңқын асқақтатып, ұлттық опера мектебінің беделін биіктеткен тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Шахимардан Қайдарұлы Әбілов. Ол – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздің мәдениетін әлемдік деңгейде танытқан дара талант . Тамаша опера әншісі ғана емес, ұлттық мәдениеттің жанашыры, Абай мұрасының насихатшысы, болашақ өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп жүрген ұлағатты ұстаз. Оның опера өнеріндегі жетістіктері, әлемдік сахналардағы жарқын өнері және туған жеріне деген жанашырлығы шын мәнінде рухани тұлғасының тереңдігін көрсетеді.
Шахимардан аға қасиетті Ертіс-Баян өңірінде – Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Арбаиген ауылында дүниеге келген. Табиғаты таңғажайып өлкенің шексіз қарағайлы орманы мен кең даласы оның өнерге деген құштарлығын ерте оятқан. Балалық шағында табиғаттың жаңғырығына қосылып ән салып, даусының кең диапазоны мен табиғи күшін шыңдаған. Бұл – табиғаттың адам бойындағы талантты ашуына айқын мысал болса керек.
«Қазақтың ән мектебінің түп тамыры осындай табиғат қойнауында жатқан жоқ па?» деген ой әнші санасында үнемі жаңғырады. Расында да, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди, Естай сынды тұлғалар шыққан Арқа даласының кеңдігі, сұлу табиғаты ұлы өнерпаздардың қалыптасуына ықпал етті. Шахимардан Әбіловтің де өнер жолын таңдауы – осы ұлы дәстүрдің заңды жалғасы еді.
Өнерге деген сүйіспеншілік Шахимардан Әбіловке ата-анасынан дарыды. Анасы жыр мен әнге жақын, арифметиканы да жақсы меңгерген жан болса, әкесі – мінезді, бес уақыт намазын қаза қылмаған, соғыс ардагері. Ал ағасы Тілеуқабыл – домбыра, баян тартып, ән айтқан өнерлі адам еді. Осындай ортада өскен болашақ әнші бала күнінде-ақ өнердің қыр-сырын меңгере бастады. «Үйге қонақ келгенде үлкендер жыр-дастандарды айтып, ән шырқайтын. Біз де сол ортада тәрбиеленіп, Абайдың әндерін жаттап өстік. Бұл бізге армандауды, қиялдауды үйретті», дейді әншінің өзі.
1967 жылы Алматыға келген жас Шахимардан эстрада-цирк студиясына оқуға түсіп, болашақта қазақ музыкасының мақтанышына айналатын Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Ұлықпан Есенов, Қапаш Құлышева сынды әншілермен бірге білім алды. Ұстазы Науат Темірбекова оның дауыс ерекшелігін байқап, опера өнеріне бағыттайды. Осылайша, ол эстрададан классикалық өнерге бет бұрады. Әскер қатарынан оралған соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, атақты Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев сынды майталмандардан тәлім алады. Дипломдық жұмысын «Абай» операсындағы Абай партиясын орындап қорғағанда, шығарманың авторы Латиф Хамиди әншінің дарынына тәнті болып, «Бұл бала – матур, обсуждению не подлежит» деп жоғары баға берген екен. Бұл оның кәсіби өнер жолындағы алғашқы үлкен жетістігі еді.
Консерваторияны тәмамдаған Шахимардан Әбілов бірден Қазақ ұлттық консерваториясына ұстаз болып қалады. Осы сәттен бастап ол сахнада өнер көрсетумен қатар, шәкірт тәрбиелеуге де ден қояды. 40 жыл бойы ұстаздық етіп, елге белгілі 40-тан астам шәкірт тәрбиеледі, олардың тең жартысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Бұл ұлағатты ұстаз ретінде ғажап жетістік емес пе!
Шахимардан Әбілов – опера өнеріндегі ең күрделі рөлдерді жоғары деңгейде орындап, кәсіби биіктігін әлдеқашан дәлелдеген әнші. Ол жылдар бойы әлемдік классиканың үздік туындыларында: «Риголетто», «Травиата», «Аида» (Дж. Верди) – Риголетто, Жермон, Амонасро, «Біржан мен Сара» (М.Төлебаев) – Жанбота, «Пиковая дама» (П.Чайковский) – Томский, «Царская невеста» (Н.Римский-Корсаков) – Грязной, «Абылайхан» (Е.Рахмадиев) – Бұқар жырау сияқты күрделі партияларды сомдады. Алайда оның жүрегіне ең жақын, ең қымбат рөл – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абай бейнесі болды. Бұл рөл оның шығармашылығындағы басты белесіне айналды.
Опера сахнасындағы табысты өнерімен қатар, ол халықаралық деңгейде танылды. Шахимардан Әбілов – қазақ өнерін тек ел ішінде ғана емес, шетелде де насихаттаған дарын. Ол өнер көрсеткен беделді сахналар: Лондондағы «Barbican» орталығы (Ұлыбританияның камералық оркестрімен бірге), Париждің «Pleyel» залында, Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияда ән шырқап, Түркиядағы «Арарат туралы аңыз» операсында Ахмет рөлін тұңғыш қазақ ретінде түрікше орындады. Оның ерекше даусымен шырқалған ариялар мен романстар, қазақтың халық әндері мен Абайдың мұңлы да мағыналы шығармалары көрерменнің жүрегіне жетіп, қазақ музыкасының құдіретін әлемге паш етті. Шахимардан Әбіловтің орындауында қазақ музыкасын тыңдаған шетелдік мамандар мен тыңдармандар Абай романстарын әлемдік деңгейдегі құбылыс ретінде бағалады. Ол тек орындаушы ғана емес, Абай әндерінің нағыз зерттеушісі және насихаттаушысы. «Әнді сүйсең менше сүй» деп хакім Абай айтқандай, әрбір шығарманы жан-тәнімен сезініп, көрерменін ерекше күйге бөлей білу – Шахимардан Әбіловтің басты ерекшелігі дер едім. Бұл ізденістің ауқымы шығармашылық шеңберімен шектелмейді – ол ғылыммен ұштасқан жүйелі еңбектің, зерделі зерттеудің нәтижесі.
Осы мақсатта әнші өзінің ерекше «Абай жолы» дәріс-концертін ұйымдастырды. Бұл – қазақ музыкалық мәдениетіндегі тың жаңалық қана емес, жаңа бағыт десек те болады. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы Абайдың әндерін кәсіби шеберлікпен орындап, ұлы ақынның рөлін сахнада сомдаған Шахимардан Әбілов үшін бұл тек концерт емес, Абай әлеміне терең бойлау, оның мұрасын тыңдарман жүрегіне жеткізіп сіңіру еді. Әнші Абайдың «Толық адам» ілімін кез келген ұлттың рухани дамуына негіз бола алатын тұғырлы қағида ретінде қарастырады. Бұл тұжырымның негізі – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұстанымына сүйенеді. Өмірлік бағдар ретінде осы үш қасиетті тең ұстаған адам ғана өз елінің игілігіне еңбек етіп, шын мәнінде, кемелдікке жете алады.
«Абаймен менің байланысым өте терең әрі ұзақ», – дейді Шахимардан Әбілов. «Оның шығармашылығын зерттеу – өмірлік миссиям. Өйткені бала күнімде анам Абайдың әндерін жиі айтатын, сол кезде олар менің жүрегіме ұялап қалған еді, – деп еске алады әнші. «Жақсы опера әншісі болу үшін алдымен өз халқыңның өнерін, мәдениетін, тілін жетік білу керек. Содан кейін ғана әлемдік классикаға құлаш ұруға болады. Опера – кез келген адам игере бермейтін, терең білім мен үлкен жауапкершілікті талап ететін өнер, деп ойын жалғастырады Шакең. Биыл Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған моноспектакльді бірнеше қалаларда аншлагпен өте жоғары дәрежеде өткізіп жатқан ағамыздың ерен еңбегі бағаланып, жоғары марапатты кеудесіне тағар күнде алыс емес деп ойлаймын. Ұлттың рухани қазынасын молайтқан осындай атпал азаматтар ғана шынайы мемлекеттік құрметке лайық.
Шахимардан Әбілов 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Қазақстан Композиторлар одағының пленумында Ахмет Жұбанов пен Еркеғали Рахмадиевтің «Қалың елім, қазағым» романын орындады. Ол кезде бұл ерлікке тең әрекет еді. Ұлттық мұрат пен қазақ халқының жан күйзелісін жеткізген бұл ән залда отырған тыңдармандардың көңілін толқытып, көздерінен мөлтілдеген жас шығарды.
Шахимардан Әбіловтің ел мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ертіс-Баян өңірінен шыққан ән падишасы Естай болса, сол мұраны жалғастырушы Шакең түркі әлемінің мақтанышына айналып, қазақтың опера өнерінің абыройын асқақтатқан тарихи тұлғаға бүгінгі күні-ақ айналып отыр.
2018 жылы Түркияда атақты композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Бұл жиынға ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының сол кездегі Бас хатшысы Дүйсен ағамыз Қасейінов қолдау көрсетіп, Анкара және Ыстанбұл қалаларында арнайы конференциялар ұйымдастырылды. Осы іс-шарада өзім бастамашы болып барып, халықаралық деңгейде тұңғыш рет Естайға арналған тарихи баяндама жасадым. Шахимардан аға әнін орындап бүкіл тыңдарманды тебіренткен еді. Бұл – қазақ мәдениетін әлемдік сахнада мойындатудың тағы бір нақты қадамы болатын.
Сол жылы Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, Шоқандай (Уәлиханов) жарық жұлдыздың туған нағашысы әрі ақылшысы Мұса Шорманұлының үлкен мавзолейі мен музейінің ашылуы, жалпы 200 жылдық мерейтойында Шахимардан ағамыз асқақ әнімен жерлестерін рухтандырды. Осы айтулы іс-шараны басқарып жүрген маған шын ықыласты ағалық қолдауын көрсетті. Ал заңғар тұлға, қайталанбас ғұлама Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығында әрбір шараның басы-қасында Шакең жүргені, бірауыз айтқан өтінішімді ешуақытта жерге қалдырмай атсалысқаны, мені әрдайым рухтандырып отырды.
Адамның кеңдігі – оның дүниетанымының кеңдігімен өлшенеді. Шахимардан Әбілов – тек өнер адамы ғана емес, шешендік қасиетін айтпағанда, үлкен ойдың, кемел пікірдің иесі. Ағаға лайық бекзат болмыстың, өнерге адал жанның, ініге қамқор тұлғаның жарқын бейнесі.
Ұлы өнер иесі болу – тек табиғи таланттың арқасы емес, ол үздіксіз еңбек, терең ізденіс пен қайталанбас қабілеттердің үйлесімінен тұратын сирек құбылыс. Осындай дара қасиеттердің бірі – еске сақтау қабілеті. Бұл тұрғыдан алғанда, Шахимардан Әбіловтің жады – нағыз феномен. Ол Абайдың бүкіл шығармаларын жатқа біледі, әр өлеңнің кез келген жерінен іліп алып, мүдірместен оқи жөнеледі. Бала кезінен Абайды сүйіп өскен Шәкең дипломдық жұмысында Абаймен жалғастырып, міне, 60 жылдан аса Абайды асқақтатып келе жатқаны – кез келгеннің маңдайына жазылмаған бақ деп айтса да болады. Бұл – оның ақын мұрасын тек зерттеп қана қоймай, оны жүрегімен сезініп, бойына сіңіргенінің айқын дәлелі. Шахимардан Әбіловтің жады тек Абай өлеңдерімен шектелмейді. Ол қазақ және әлемдік классикалық шығармалардың жүздеген арияларын, романстарын, халық әндерін мүлтіксіз орындайды. Әнші әрбір сөзді, әрбір нотаны, тіпті орындаушылық стильдер мен тарихи контексті де толықтай есте сақтап, тыңдармандарына ерекше әсер сыйлайды. Өнер иесі – Ертіс-Баян өңірінен шыққан ұлы әншілердің дәстүрін жалғастырып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік сахнаға шығарған дара талант. Егер Жаяу Мұса мен Естай қазақтың ән өнерін алтын ғасырға жетелеген болса, Шахимардан Әбілов – қазақ операсын, Абайдың әндерін, ұлттық вокалды халықаралық аренаға алып шыққан тұңғыш өнерпаз.
Шахимардан ағаның өмір жолы – қиындыққа мойымай, ұлы мақсатқа жету жолындағы адал еңбек пен үлкен таланттың үйлесімі. Оның опера сахнасындағы өнері, Абай шығармашылығын дәріптеудегі еңбегі – Ертіс-Баян өңірінің бұрынғы әншілік мектебін жаңа заманауи тұрғыдан тереңдетті. Ол өзінің опералық орындаушылық шеберлігімен, қазақ ән өнерін ғылыми зерттеу деңгейіне көтеруімен, ұлттық музыканы әлемге танытуымен – өнер жолындағы биік белестерді еңсерді. Егер Жаяу Мұса әділетсіздікке қарсы тұрып, әнімен күрес жолын таңдаса, Естай сезімнің ұлылығын жырлап, қазақ махаббатының символына айналса, опера оғланы Шахимардан Әбілов ұлттық өнер мен классиканы ұштастырып, қазақ музыкасының падишахына айналды.
Алтынбек НҰХҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты, академик