Биыл қаңтар-мамыр аралығында жемқорлық бойынша күдікті деп тану туралы қаулы 640 адамға шығарылған, былтырмен салыстырғанда бұл 3%-ға аз. 464 адам қылмыс жасағаны анықталыпты, бұл былтырмен салыстырғанда 4,3%-ға көп, яғни өсім байқалады. Бұл туралы Ranking.kz сарапшылары мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кімдер сотталды?
Биылғы бес айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар бойынша 405 айыпталушының ісі сотқа берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 9,2%-ға артық.
"Сотқа жолданған мұндай істер бойынша ең жиі жауапқа тартылғандар — әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері болды: 66 адам (32%-ға кем). Бұған қоса Ішкі істер органдарының 49 қызметкері, Қаржы министрлігінің 16 қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 11 қызметкері және Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 7 қызметкері де сотқа тартылғандар қатарында", — деп жазылған мәліметте.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа 12 министрліктен 57 қызметкердің ісі жолданған, былтыр 54 адамның ісі жолданыпты.
"Бұл жерде деректері нақты көрсетілген министрліктер мен олардың қызметкерлері туралы сөз қозғалып отыр. Мысалы ҚР ІІМ бұл тізімге кірмейді, себебі деректер бүкіл министрлік бойынша емес, тек жекелеген бөлімшелер мен департаменттер бойынша берілген. Ал елімізде барлығы 21 министрлік жұмыс істейтінін ескерсек, бұл мәліметтер толық болмауы да мүмкін", — деп ескертті сарапшылар.
Көбіне қандай қылмыс жасалған?
Анықталған құқықбұзушылықтар ішінде ең кең тарағаны — пара алу: биыл бес айда осындай 167 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 27,5%-ға артық.
"Пара алу деректері бойынша ең жиі ұсталғандар: ішкі істер органдарының қызметкерлерінен 22 адам, әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерінен 13 адам, сондай-ақ, Қаржы министрлігінің қызметкерлерінен 9 адам", — деп жазылған мәліметте.
Ең жиі жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде екінші және үшінші орында пара беру (99 адам ұсталған) және сыбайлас жемқорлық сипатындағы алаяқтық (71 адам) бар.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұрынғы вице-министр ұсталғаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз