Аты-жөнін құпия ұстап, бет-жүзіне үнемі маска тағып жүріп танымал болған қайырымды жан тағы бір отбасын шаттыққа кенелтті.
Осы жолы ол 13 жастағы Алиме есімді үшінші топтағы мүгедек қызды тосынсыйымен қуантып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сирек кездесетін дертке шалдыққан қыз осыған дейін жалғызбасты анасы және кәмелетке толмаған інісімен пәтер жалдап келген. Қаршадай қыз аурумен бетпе-бет келсе де, өзіне қажетті шетелдегі ем үшін анасымен бірігіп жасаған білезіктерін сатып, ақша жинауға әрекет еткен.
– Маған өте сирек кездесетін "ұзарған QT интервалы синдромы" деген диагноз қойылды. Соңғы уақытта есімді жиі жоғалтып, құлайтын болдым. Шетелде қымбат операция жасау қажет екен. Жүрекке кардиодефибриллятор орнату керек, өйткені жүрегім кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін. Сондай-ақ мен сол жақ аяғым қысқа болып туылдым, таяқтың көмегімен жүремін. Біз жалдамалы пәтерде өмір сүріп жатырмыз. Күнде жатарда Жаратушыдан маған көмек бере алатын адам жіберуін сұрап, жалбарынамын, – деді 13 жастағы Алиме.
Маскадағы жігіт осы кезде оған емі мен оқуы үшін қомақты қаржы табыстап, пәтердің кілтін сыйлады. Дәл осындай сый күтпеген қыз бен оның отбасы қуанышын жасыра алмай, ағыл-тегіл жылады.
Айта кетейік, бетперделі жігіт ақпан айында 3 баласын жалғыз асырап жүрген анаға үй сыйлап, дүкен ашып берсе, мамырда "аш қалмасақ екен" деп жүріп науқас ата-анасын асыраған Сержан есімді баланы баспаналы еткен еді.