Депутаттың сөзінше, адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болатын бірнеше мәселе оң шешімін тапқан.
Әрі ол жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс барысында бірқатар маңызды ұсыныс енгізгенін алға тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Асхат Аймағамбетов өздері ұсынған біраз ұсыныс бірден қолдау тапқанына риза. Оның бірі – Kaspi мен Halyk арқылы ақша аударымдарына ҚҚС салынбауы. Десе де, кейбірі жұмыс тобының сүзгісінен өтпей қалғаны өкінішті.
– Біздің басынан қорғап келе жатқан бірнеше ұсынысымыз бойынша нормаларды Сенат қабылдады:
Ең қызу талқыланған мәселелердің бірі – банктік аударымдарға қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу болды.
Біз бұл бастамаға басынан-ақ қарсы болдық. Өйткені, Kaspi немесе Halyk арқылы қарапайым ақша аударсаң, мысалы, балаңа түскі асқа аударсаң, осы соммаға тағы 16% салық қосу деген ақылға қонбайды. Бұл адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болар еді.
Айта кету керек, бұл мәселеде Ұлттық Банк те нақты және берік ұстаным танытты, – дейді ол.
Депутат инвестициядан түсетін дивидендтерге жаңа салық салмау мәселесін де айрықша айтып жүрген еді.
– Келесі мәселе – инвесторлардың дивидендтеріне ЖТС (жеке табыс салығы) салу туралы бастама.
Бір жағынан, мемлекет халықты "IPO-ға қатысыңдар", "KEGOC", "Эйр Астана" сияқты компаниялардың акцияларын алыңыздар деп шақырып жатыр.
Екінші жағынан сол акциялардан түскен шағын табысты салыққа байлап қоймақ болды. Бұл қисынсыз. Біз қарсы болдық.
Қазақстанда халықтың көбі инвестицияны әлі де жылжымайтын мүлік арқылы жасайды. Ал бүкіл әлемде бағалы қағаздарға инвестиция салу – қалыпты тәжірибе.
Егер бұл норма өткенде, жаңа бастамасымен акция сатып алып жатқан адамдардың өзіне бұл кері әсерін тигізер еді. Енді бұл жеңілдік сақталады, – деп қоса кетті халық қалаулысы.
Асхат Аймағамбетов өз жазбасында "Баспа басылымдарына 10% ҚҚС – нақты қолдау" екеніне нақты тоқталған. Бұл ұсыныс бастапқыда қолдау таппағанымен, соңы жақсы аяқталғаны қуантып отыр.
– Біз әріптесім Нартай Сәрсенғалиев екеуміз бірнеше рет отандық баспа басылымдарына жеңілдіктер, ҚҚС мөлшерлемесін азайтуды ұсындық.
Бастапқыда бұл бастама қолдау таппаған. Бірақ бүгін Сенат оны да қабылдады. Енді баспа өнімдеріне ҚҚС тек – 10%.
Бұл дегеніміз – мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық журналдарға дейінгі барлық баспа басылымдарына нақты көмек.
Бастапқыда қолдау таппаған бірнеше ұсынысымыз ақыры қолдау тапты, – деп сөзін қорытындылады депутат.