Аталмыш фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Облыс орталығындағы №116 балабақшада болған жайсыз жайт бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таралды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Таралған бейнежазбада балабақша тәрбиешісінің қатыгездігі анық көрінеді. Ол балаларды бір қатарға тізіп отырғызып, бірінің шашын жұлған, бірін шапалақпен дүрсе қоя берген, тағы бірін жұлқылап орнынан тұрғызған. Тіпті, киім ауыстырғанның өзінде дөрекелік танытып, балаларды жұлқылаған. Мұны ата-аналар бейнебақылау жазбаларынан байқаған.
"Әр кадрда тәрбиешінің балаларды ұрып-соққанын көрдік. Мұндай қатыгездік қанша уақыт жалғасқаны белгісіз. Себебі кейбір жазбалар өшірілген", — дейді ата-аналар.
Көпшілік мұндай тәрбиешіні барынша қатаң жазалап, балабақша басшылығын да жауапқа тарту керек деген пікір білдіруде. Мәселе Павлодар облысы бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенова да араласты.
"Кеше ата-аналардың шағымы бойынша бірден №116 балабақшаға бардым. Сол жерде 15-тен астам анамен бірге бейнежазбаларды көрдік. Полиция оларды зерттеу үшін ресиверді алып, ата-аналардан өтініш қабылдады. Балаларға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл топтағы тәрбиеленушілер – 2022 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер. Олардың көбі жасына байланысты әзірше толық сөйлей алмайды", — дейді Сәуле Шакенова.
Ал полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Кәмелеттік жасқа толмаған азаматты тәрбиелеуге қатысты жүктелген міндетті орындамау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады. Сондай-ақ, балабақша басшылығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі мұндай баппен келіспейді. Олардың пайымынша, ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру тұрғысынан қарап, қатаң жаза тағайындалуы тиіс. Ендігі ретте мәселенің анық-қанығын құзырлы органдар қарастыратын болады. Әзірше жергілікті білім басқармасы бұл мәселеге қатысты тіс жармады. Ал балабақша тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек ұсынылды.