Павлодар облысының Ақсу қаласында қатты дауыл кезінде кеудесіне ағаш қадалып қалған әйел 57 жастағы Марина Пахомова болып шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұм балабақшалардың бірінде хореограф болып жұмыс істеген. Оның әріптестері болған оқиғаға әлі сене алмай отыр.
"Кеше түнде білдік, сену қиын. Оны бәрі қатты жақсы көретін. Мейірімді, жарқын, жанашыр жан еді, әрқашан көңілді болып, күлімсіреп жүретін. 27 жылдық тәжірибесі бар өте сауатты педагог болды», — дейді №19 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айман Шақалақ.
Балабақшада Марина Пахомова үлкен топтардың балаларына би үйреткен. Үш кәмелетке толған ұлы бар, біреуімен бірге Ақсу қаласында тұрған.
"19 маусым күні Марина Валерьевна әдеттегідей сабақ берді. Түскі астан кейін немересін ертіп, жағажайға барамын деді, кешке оның қайтыс болғанын білдік. Қазір маған телефон соғып сұрап жатыр, бәрі есеңгіреп қалған...", — дейді Айман Шақалақ.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға марқұм әйел тұрған үйдің ауласында болған.
"Күйеуім екеуміз "көмектесіңдер, ол өліп жатыр" деген айқайды естіп жүгіріп шықтық. Ер адамның бұлай айғайлап, жылағанын көрмеппін. Дереу жедел жәрдем мен құтқарушылар келді. Әйелдің өлгені көрініп тұрды, бірақ ер адам оны құтқарыңдаршы деп көмек сұрай берді", — дейді оқиға куәгері Ақсу қаласының тұрғыны.
Таксопарктің мәліметінше, 30 жастағы такси жүргізушісі қатты күйзеліске ұшырап, жолаушының өлімін жеке қайғысы ретінде қабылдаған.
"Жүргізушіміз тапсырысты аяқтап үлгерген, көлік жолаушының үйіне жақындап келген, сол кезде бөрене терезені сындырып кіріп, оның кеудесіне қадалған. Барлығы қас қағым сәтте болған, такси жүргізушісі не болғанын өзі де түсінбеген, түсінген кезде есеңгіреп қалған", — деп түсіндірді Ақсу таксопаркі.
Такси қызметі жүргізушінің жол ережесін бұзбағанын баса айтты. Сонымен қатар таксопарк марқұм әйелдің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Бұл сұмдық қайғылы жағдай. Дүлей дауыл болғанын барлығы көрді. Біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Бұл сақтандырумен шешілетін жағдай, бірақ біз өз тарапымыздан сақтандыру төлемін күтпей-ақ, әрине, отбасына қандай да бір жолмен көмектесеміз", — деп сендірді таксопарк.
Марина Пахомова жұмыс істеген балабақша ұжымы да оның жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесуге ниетті. Ақсу әкімдігі бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.