Астанада жыл сайынғы «Jas Keñes Siyligi» жастар сыйлығына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды . Байқау жас мамандарды қолдауға бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустрия және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізілді.

Байқауға Қазақстан Республикасының 35 жасқа толмаған (35 жас қоспағанда) азаматтары қатыса алады.

Өтінім мына номинациялар бойынша қабылданады:

• «Janqıarlyq» – ҚР ішкі істер органдары мен қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған;

• «Altyn jürek» – орта және кіші медицина қызметкерлеріне (жедел жәрдем, акушер, санитар және т.б.) және дәрігерлерге арналған;

• «Önerkäsıp» – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларында жұмыс істейтіндерге арналған;

• «Bolaşaq turaly qamqorlyq» – инклюзивті оқу орталықтарының қызметкерлеріне, арнайы қызмет көрсететін ұйымдарға, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге (балалар үйлері, хоспистер, қарттар үйлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету орталықтары және т.б.), сондай-ақ волонтёрлерге арналған;

• «Bılım jäne Ğylym» – мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне, сонымен қатар ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерге арналған;

• «Qaisar» – авариялық-құтқару қызметі, өрт сөндірушілер және азаматтық қорғаныс жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлеріне арналған;

• «Altyn qol» – сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, сондай-ақ ПИК, МИБ және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлеріне арналған;

• «Zharyq» – энергетика саласының, атом өнеркәсібінің, мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған;

• «Örken» – агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы мамандарға арналған;

• «Örleu» – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде жасанды интеллект, деректерді талдау және т.б.) және креативті индустрия саласының қызметкерлеріне арналған.

Байқауға қатысуға өтінімді 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында https://www.jas-kenes.kz/application сайтында беруге болады.

Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Қорытынды бойынша әр номинациядан 2 жеңімпаз, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге (әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден).

Айта кетсек, «Jas Kenes Sıylıgı» – Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен 2024 жылы құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Бұл сыйлық еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің негізгі салаларында өзін таныта білген жас мамандарға табысталады.