Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» идеологиясы өзін «құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет» деп таныған елімізді жарқын болашаққа бастайтын аса маңызды бастама деп санаймыз.
Олай дейтініміз, заң талаптары баршаға ортақ, тәртіп болған жерде таразы басы теңеседі. Ал заң талаптары бұзылып, тәртіпсіздік орын алған жағдайда адамдар азғындап, қоғам құлдырайды. Қоғамдағы саяси тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына бірден-бір жауапты әрі құзырлы орган – Қазақстан Республикасының Прокуратурасы.
2025 жылдың 18 маусымында Шымкент қаласының прокуроры, үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, генерал Ғабит Қасымбекұлы Мұқанов, Жұмабек Тәшенев университетінде оқып жатқан «Тәшенев тартуы» білім гранты иегерлерімен кездесті. Кездесу барысында қала прокуроры аталмыш білім грантының талаптары мен сол гранттарды жеңіп алған озат білім алушыларды тыңдап, оларға үлкен мотивация берді. Ол құқыққорғау саласындағы мол тәжірибесімен бөлісе отырып, білімге құштар жастардың еркін форматтағы жан-жақты сұрақтарына тыңғылықты жауап қатты.
Мегаполис қаламыздың бас тәртіп сақшысына «Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет» АҚ-ның негізін қалаушы, Басқарма басшысы, ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы Аяшев университет жастарына көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар мен алдағы стратегиялық даму жоспарын таныстырды.
Генерал Ғ.Мұқанов университет жастарын толғандырған сұрақтар мен ұсыныстарын саралай келе, қала аумағында қоғамдық тәртіпті орнатуда жастардың үлес салмағының басым екендігін, сонымен қатар ЖОО жастарын Прокуратура органдарында танысу, өндірістік іс-тәжірибеден өтуіне бар мүмкіндіктерді жасауға ықпал ететіндігін жеткізді. Сондай-ақ, студенттік омбудсмен бастаған ЖОО белсенді жастарымен бірге кешенді бағдарламалық жобалар аясында қызмет көрсететіндігін алға тартты.
Кездесу соңында қала прокуроры бастаған аудан прокурорлары университет жастарының қолымен жасалған «жасанды интеллект» алаңымен және «коворкинг» орталығының жұмысымен танысты.
«Ж.А.Тәшенев атындағы университет» АҚ
Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор
Ұлттық Заң академиясының корреспондент мүшесі
Битұрсын Ғалымжан Шәмшідінұлы