Алматы облысында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында алғаш рет «Тұрақты ауыл шаруашылығы : органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күні өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырып, климаттық орнықтылықты қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына жету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға арналды.

Егінжай күні Мемлекет басшысының 2060 жылға дейін климаттық орнықтылық пен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өтті. Басты мақсат – көміртекті егіншілікті дамыту, топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді таныстыру және органикалық секторды қолдаудың тиімді тетіктерін талқылау.

ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Қазақстанда көміртек секвестрлеудің әлеуеті жоғары. Ауыл шаруашылығының климаттық саясаттағы рөлін күшейту үшін «көміртекті полигондар», жасанды интеллектке негізделген мониторинг жүйесі, инновациялық агротехнологиялар енгізу көзделуде. Ауыспалы егіс, топырақты минималды өңдеу, компост пен сидераттарды қолдану гумустың жиналуына әсер етеді, ал бұл өз кезегінде топырақты құрғақшылық пен эрозияға төзімді етеді.

Ұлттық ғылым академиясы атап өткендей, климаттың жаһандық өзгеруі, топырақ деградациясы және экожүйелік қызметтердің әлсіреуі жағдайында көміртекті және органикалық егіншілікке жүйелі көшу – аграрлық саланы «жасыл» трансформациялаудың негізі.

Қазақстан — топырақ ресурстары осал елдердің қатарында. Мұнда органикалық көміртектің азаюы мен өнімділіктің төмендеуі аграрлық сектордың болашағына тікелей әсер етіп отыр. Ал органикалық егіншілік – экожүйені уытты заттардан тазартуға, топырақты қалпына келтіруге мүмкіндік беретін балама әдіс.

Егінжай күніне мемлекеттік органдар, халықаралық және отандық сарапшылар, ғылыми ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысты. Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған, ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.