Өңірде ауа температурасы +30 градустан түсер емес.
Апта басынан бері Павлодар облысындағы сынап бағанасы +30 градустан түскен жоқ. Тіпті, кей аумақтарға +40 градусқа дейін көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Солтүстік өңірдегі мұндай ауа райы кей тұрғындардың денсаулығына кері әсер тигізіп жатыр. Соңғы күндері жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау саны 20%-ға көбейіп, бір тәулікте дәрігерлер 200-ден астам шақыртуға шығып жүр. Әсіресе, кішкентай балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар, созылмалы сырқаты бар науқастар, инсульт немесе инфаркт алған жандардан шағым көп. Қант диабеті, гипертония, астма сынды ауруы бар тұрғындарға да ауа райы оңайға соғып тұрған жоқ.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, ай басталғалы ыстық өтуге қатысты шақыртулар жиі түсе бастады. Айталық, осы уақытқа дейін дәрігерлер 11 адамға күн өтуге байланысты көмек көрсеткен. Олардың қатарында төрт бала бар.
"Ағзаға ыстық өткенін байқау қиын емес. Мұндай жағдайда адамды ұйқы қысып, белсенділігі төмендейді. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Бұған ерекше назар аудару керек. Демі мен жүрек қағысы жиілейді. Бас ауруы, құсу, жүрек айну, тіпті есінен тануы мүмкін", — дейді Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының эпидемиолог дәрігері Ирина Сорокина.
Мұндай белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем қызметін шақыру керек. Ал оған жеткізбес үшін сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін күн астында ұзақ болмай, далаға шыққанда міндетті түрде бас киім киіп, су алып жүру керек. Сондай-ақ, мамандар жеңіл әрі ыңғайлы киім киіп жүруді, тағамдарды тек тоңазытқышта сақтауды, жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жууды, тамақ ішер алдында қол жуу мен балалардың күн астында ұзақ болуына жол бермей, жиі су ішіп отыруын қамтамасыз етуді ұсынады.
Синоптиктердің болжамынша, өңірде жоғары ауа температурасы апта соңына дейін сақталады.