Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі жылдары итбалықтардың өлу себебін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2022–2024 жылдары Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауынан табылған итбалықтардың қырылуна бірнеше себеп әсер еткен. Атап айтқанда, созылмалы улану, жыртқыштар обасы, жедел пневмония және теңіз түбінен бөлінген табиғи газ салдарынан тұншығу.

Итбалықтардың өмір сүруіне қауіп төндіретін басты факторлар – қолайсыз климаттық жағдайлар, әсіресе Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі. Сонымен қатар қыстың қысқаруы мен жалпы жылыну, қысқы уақытта кеме қатынасының артуы, балық аулау торларына түсуі және өзге де антропогендік факторлар итбалықтардың мұз үстінде көбейіп-өнуіне теріс әсер етіп жатыр.

"Итбалықтар санының азаюына — жануарлар иммунитетінің төмендеуі мен түрлі ауруларға, соның ішінде созылмалы улану мен жыртқыштар обасына бейімділігі әсер етті. Ғылыми ұйымдар мен құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған топ 2022 жылдың күзі мен 2023 жылдың көктемінде табылған Каспий итбалықтарының қырылуына басты себеп – иммунитеттің әлсіреуінен туындаған жұқпалы ауруларға бейімділік аясында дамыған жыртқыштар обасы мен жедел пневмония деген қорытындыға келді", — делінген хабарламада.