Күннұр Фаридқызы — 24 жылын адам денсаулығына арнаған тәжірибелі дәрігер . Ол — тек білікті терапевт қана емес, дерматовенеролог және дерматокосметолог ретінде де көпсалалы білім мен тәжірибе жинаған маман. Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының орталық ауруханасында тұрақты түрде қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігермен El.kz интернет порталының тілшісі тілдесіп, әңгімелесті.
Терапиядан көпсалалы мамандыққа дейін
Ақ халатты киіп, адам жанына араша түсуді өмірлік мұратына айналдырған Күннұр Фаридқызы үшін дәрігерлік — жай жұмыс емес, жүрек қалауы мен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті міндет.
Күннұр Фаридқызы – терапевт дәрігер, дерматокосметолог, дерматовенеролог. Медицина саласындағы еңбек жолын 2001 жылы Теміртау қаласындағы Консультативті-диагностикалық емханада терапевт болып бастаған. Қазіргі таңда жалпы еңбек өтілі – 24 жыл.
Маман ретіндегі басты мақсатым – науқастардың денсаулығын жақсарту, сапалы әрі кәсіби медициналық көмек көрсету. Еңбегімнің нақты нәтижесін көру – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді дәрігер.
Күннұр Фаридқызы өзінің кәсібіне ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Жұмыс барысында туындайтын түрлі қиындықтарды өмірдің бір бөлшегі ретінде қабылдап, олардан тәжірибе жинауға тырысады.
Қазір Ақсу қаласының орталық ауруханасында жұмыс істеймін. Бұл мекемеде 2003 жылдан бері талмай еңбек етіп келемін. Осы ұжымда бір үйдің адамындай араласып, бірге өсіп, бірге қалыптасып келеміз, – дейді ол.
Мамандық аясын кеңейту: дерматология мен косметология
Дәрігер алғашында терапия саласында қызмет еткенмен, кейін мекемеге дерматолог маманы қажет болғандықтан, осы бағытта қосымша білім алуға шешім қабылдайды. Алматы қаласындағы тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтында оқып, 2005 жылдан бастап дерматовенеролог ретінде де жұмыс істей бастайды.
жеке мұрағат
2017 жылы косметология саласына қызығушылығы артып, осы бағытта да білімін тереңдетеді.
Косметология – дерматовенерологияның жалғасы іспеттес сала. Бұл әрі кәсіби деңгейдегі жетілуге, әрі қосымша табыс көзіне айналатын мүмкіндік. Сондықтан қосымша білім алып, тәжірибемді кеңейттім, – дейді маман.
Адам жаны – басты құндылық
Дәрігер үшін басты құндылық – адам денсаулығы.
Дәрігердің негізгі мақсаты – науқастың денсаулығын қалпына келтіру. Медициналық жаңалық ашпасам да, халықтың алғысы мен ықыласы – мен үшін ең үлкен марапат. Кеудеме тағылған медаль болмаса да, халықтың сенімі мен ризашылығынан артық құрмет жоқ деп есептеймін, – дейді Күннұр Фаридқызы.
Кәсіби жолында түрлі жағдайлар кездескенімен, ұжым ішінде беделі жоғары, орнықты маман ретінде қалыптасқан. Өзінің айтуынша, жұмыс орнын жиі ауыстырмаған – тұрақтылықты басты ұстанымдардың бірі деп біледі.
Медицинаның қай саласы болмасын, шынайы жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Мен осы ұстаныммен еңбек етіп келемін. Алдағы уақытта да науқастардың сенімін ақтап, кәсіби жолымды абыроймен жалғастыру – басты мақсатым, – дейді тәжірибелі дәрігер.
Ол 2003 жылы тұрмысқа шығып, Теміртаудан Ақсу қаласына қоныс аударып, жұмысқа орналасады. Сол уақыттан бері осы қаланың орталық ауруханасында тұрақты түрде қызмет етіп келеді.
Дәрігер мен науқас арасындағы адамгершілік байланыс
Күннұр Фаридқызы – тәжірибелі дәрігер ғана емес, жүрекпен емдеудің мәнін терең түсінетін маман. Ол үшін науқас – тек медициналық көмек алушы ғана емес, жаны жабығып, қамқорлық пен мейірім іздеген адам.
Медицина саласында ғана емес, жалпы кез келген салада бәсекелестік пен қызғаныш болады. Бұл – өмірдің бір бөлігі. Бірақ мен үшін бұл – алға жетелейтін стимул. Жан-жағыңда мықты әріптестерің болған кезде, өзің де өсуге тырысасың. Әйтпесе жұмыс та қызықсыз болар еді, – дейді дәрігер.
Науқастармен жұмыс барысында кәсіби біліммен қатар, адами қарым-қатынас орнату, коммуникативтік дағдылар да аса маңызды. Дәрігер әрқашан сөзін салмақтап, диагноз қою кезінде, ауыр жағдайды естірту сәтінде ерекше ықыласпен, жанашырлықпен сөйлесуі тиіс.
Мысалы, кейбір науқастар маған жыл сайын бірнеше рет келіп тұрады. Уақыт өте келе олар туысыңдай болып кетеді. Ағаңдай, апаңдай жақын тартып кететіндер бар. Отбасылық жағдайын, денсаулығын түгел білетін халге жетеміз. Мұндайда дәрігерлік қана емес, адами қарым-қатынас та алдыңғы орынға шығады. Науқасты салғырт тыңдауға болмайды, оның әрбір шағымы – маңызды ақпарат. Ал кәсіби жауапкершіліктің негізі – кішіпейілділік, – дейді Күннұр Фаридқызы.
Оның айтуынша, дәрігердің сырт келбеті мен сөйлеу мәнері де науқаспен қарым-қатынаста ерекше рөл атқарады.
Егер дәрігер суық қабақпен қарсы алса, науқас оған сенім артпайды. Себебі алдымызға келген адам – аурумен арпалысып, жан азабын тартып тұрған жан. Оған ең бірінші қажет нәрсе – жан жылуы, ықылас, қарапайым көңіл бөлу. Сонда ғана ол саған сеніп, сауығуға үміт артады, – дейді ол.
Ал кәсіби шабыттың көзі – мамандығына деген махаббат.
Мен мамандығымды өте жақсы көремін. Бұл – жүрек қалауымен, шынайы ниетпен таңдаған жолым. Сондықтан маған шабыт іздеудің де қажеті жоқ. Нағыз шабыт – өз ісіңді сүйіп істеу. Бұл сезім маған бастан-ақ дарыған, – дейді дәрігер.
Диагностика жеңілдеді, кадр тапшылығы – өзекті
Күннұр Фаридқызының айтуынша, қазіргі таңда медициналық технологияның дамуымен диагноз қою процесі бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеген.
Қазіргі заманда диагностика саласы өте жоғары деңгейде дамыған. Клиникалық зертханалар, заманауи УДЗ, цифрлық рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография сынды құралдар кеңінен қолданылады. Маман дәрігер болса, диагноз қоюда үлкен қиындық туындамайды, – дейді дәрігер.
Алайда, тәжірибелі маман қазіргі медицинаның басты мәселелерінің бірі – кадр тапшылығы екенін ерекше атап өтеді.
жеке мұрағат
Соңғы жылдары терапевт мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалып отыр. Биыл бұл сала бойынша бітіріп шыққандар өте аз. Сол себепті стационарларда жұмыс істейтін дәрігерлерге түсетін жүктеме күрт артты. Педиатр мамандары да тапшы. Бұл – еліміздің көптеген өңірлеріне ортақ проблема, – дейді ол.
Дәрігер кадр тапшылығының әсерін тек бүгін ғана емес, ертеңгі күні де сезінуіміз мүмкін екенін айтады. Себебі тәжірибелі мамандардың да еңбек ету мерзімі шектеулі.
Дәрігер – мәңгі жұмыс істемейді. Жасы келеді, зейнетке шығады. Олардың орнын басатын жаңа буын мамандар керек. Сондықтан мен жас мамандарды тәрбиелеуге ерекше мән беремін. Жаңадан келген дәрігерлерге бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік етемін. Бар білгенімді үйретуге тырысамын. Қасымда жүріп үйреніп, тәжірибе жинақтаған жастардың жақсы дәрігер болып қалыптасуына ықпал етсем, соның өзі мен үшін үлкен жетістік, – дейді Күннұр Фаридқызы.
Оның айтуынша, кадрлық тапшылықты шешу – мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс маңызды мәселе.
Медицинаның дамуына тек жаңа технология жеткіліксіз. Ол үшін ең алдымен білікті мамандар қажет. Сондықтан осы бағытта нақты шешімдер қабылдануы керек. Әйтпесе, жаңа аппараттарды қолданатын адам болмаса, техниканың да пайдасы шамалы, – деп тәжірибелі дәрігер.
Ең жиі кездесетін аурулар: жүрек пен онкология
Күнделікті дәрігерлік практикада ең жиі кездесетін ауру түрлері – жүрек-қантамыр жүйесіне байланысты сырқаттар екенін айтады.
Ол мұндай аурулардың жиілеуіне әсер ететін негізгі факторлар ретінде өмір сүру салты, дұрыс тамақтанбау, стресс және физикалық белсенділіктің төмендігін атап өтеді.
Бұл дерттердің алдын алу үшін тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстардың көлемін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау маңызды. Ерте диагностика мен уақтылы ем – асқынулардың алдын алудың басты жолы, – деді.
Одан кейінгі жиі тіркелетін аурулар қатарында – онкологиялық сырқаттар.
Онкология – бүгінде өте өзекті мәселе. Ауруды ерте кезеңде анықтау – науқастың өмірін сақтап қалудың негізгі жолы. Бұл бағытта скринингтік тексерулердің маңызы зор. Қазіргі технологиялар ерте диагностика жасауға мүмкіндік бергенімен, тұрғындар арасында онкологиялық сауаттылық әлі де төмен. Ауру асқынып, кеш кезеңде анықталып жатады, – деп атап өтті дәрігер.
Ақ халатты абыроймен ақтаған жан
24 жылын адам денсаулығына арнаған Күннұр Фаридқызы – нағыз кәсібіне адал маман. Ол үшін дәрігер болу – жай жұмыс емес, адам өміріне араша түсетін үлкен жауапкершілік. Білімі мен тәжірибесін жастарға үйретіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келе жатқан білікті дәрігер медицинадағы нағыз жанашырлық пен адами қарым-қатынастың үлгісін көрсетіп отыр.
Заманауи медицинаның қарқынды дамуына қарамастан, кәсіби шеберлік пен мейірімділік – дәрігердің басты құралы екенін Күннұр Фаридқызы өз ісімен дәлелдеп келеді. Маманның айтуынша, бұл жолда табандылық, төзімділік және адам жанына деген жанашырлық – әр дәрігердің бойынан табылуы тиіс қасиет.