Бұл туралы Үндістан полициясының өкілі The Associated Press агенттігіне мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

Үндістанда Air India әуекомпаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, борттағы барлық 242 адамның қаза тапқаны хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Әуе апатынан тірі қалғандар жоқ сияқты, – деді полиция өкілі.

Оның айтуынша, ұшақ тұрғын үйлер орналасқан ауданға құлаған. Апат салдарынан сол маңда тұратын кейбір жергілікті тұрғындар да қаза тапқан болуы мүмкін.

Бұған дейін полиция ұшақтың дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлағанын хабарлаған болатын.

Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабадтағы Сардар Валлаббхай Пател халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Ұшақ 13:38-де көтеріледі. Бортта 242 адам – жолаушылар мен экипаж мүшелері болған. Олардың ішінде 169-ы Үндістан азаматы, 53-і Ұлыбритания, біреуі Канада және жетеуі Португалия азаматтары екені нақтыланды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта апаттан қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түспегенін хабарлады.

Оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.