Ол өнімнің 90%-дан астамы дайын көлікті бөлшектеу арқылы шығарылып жатқанын айтады.
Депутат Мархабат Жайымбетов отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Автокөлік шығаратын кәсіпорындарға салықтық және кедендік жеңілдіктер беріліп, шетелден әкелінетін материалдар мен жабдықтар үшін кедендік баж бен қосылған құн салығынан босатылды. Мемлекеттік сатып алуларда отандық көліктерге басымдық бар. Бүкіл ел отандық автонеркәсіпті қолдап отыр. Бұл – дұрыс қадам. Себебі, бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашуға, шетелдік технологияны меңгеруге және индустриялық дамуға жол ашады", – деді депутат.
Оның айтуынша, бастапқы кезеңде мемлекет өндірістің негізін қалау үшін жеңілдетілген талаптар қойды.
"Тек 2 млрд теңге инвестиция, жылына 25 мың көлік, шағын тораппен бір үлгіні құрастыру. Мұны халық арасында "бұрағыш әдісі" деп те атайды. Әрине, бастапқыда тиімді болды, бірақ қазір мұндай тәсіл жергілікті өндіріс пен технологияны дамытпайды", – деп атап өтті Мархабат Жайымбетов.
2021 жылдан бастап талаптар күшейтілген.
"Енді кемінде 70 миллиард теңге инвестиция құйып, кем дегенде екі үлгіні шағын торапты әдіспен шығару және 2027 жылға дейін жергілікті құрам үлесін 50%-ға жеткізу міндеті қойылды. Бірақ бұл талаптар барлық өндірушілерге бірдей қойылмады. Нарықтағы ірі мекемелер- "СарыарқаАвтоПром" мен "Hyundai Trans Kazakhstan" бұрынғы жеңілдетілген шарттармен жұмысын жалғастыруда. Яғни, әділетсіз бәсекелестік тудырып, өзге инвесторларға кедергі келтіреді. Одан бөлек, шынайы өндіріс көрсеткіштері қойылған талаптарға сай емес. Қойылған шекті көрсеткіштер – 70 млрд теңге инвестиция мен жылына 25 мың көлік шығару міндеттелгенімен, 2023 жылы бар болғаны 13 мың, 2024 жылдың 10 айында – 17 мың көлік құрастырылған. Демек, өнімнің 90%-дан астамы әлі де ірі торапты әдіспен, яғни дайын көлікті бөлшектеп құрастыру арқылы шығарылып жатыр. Соған қарамастан, мұндай өнім де толық отандық ретінде танылып, мемлекеттік қолдауға ие. Сөйтіп, бір бұрағышпен құрастырылған көлікке бюджеттен миллиардтар бөлініп жатыр", – деді ол.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, 2024 жылы Қытайдан келген шанақтардың құны – 424 миллион доллар. Ал Қытайдың дерегінде Қазақстанға небәрі 6 миллион доллардың шанағы экспортталған.
"Шындығына келсек, дайын көліктер шанақ боп кіріп, салықтан сытылып жатыр. VIN-коды бар шанақ — толық көлік, бірақ біз оны "жартылай өнім" деп тіркеп, екінші VIN жапсырып, ресми есептен жасырамыз. Тағы бір түйткіл – құқықтық реттеудің әлсіздігі. Бүгінгі күні олар тек мемлекет пен өндіруші арасында жасалған келісімдер арқылы жүзеге асады. Келісімдер азаматтық-құқықтық сипатта болғандықтан, оларды тексеру немесе бақылау мүмкін емес. Уәкілетті орган тек хат алмасып, сырттай ғана қарап, ұсынылған деректерге сенуге мәжбүр", – деді Мархабат Жайымбетов.