ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі борышкерлерге бірнеше проблемалық несиені біріктіріп өтеуге мүмкіндік беретін жаңа ережелер әзірледі.
Бір басында бірнеше қарызы бар азаматтар берешегін топтастырып төлей алады, деп жазады inbusiness.kz сайты агенттікке сілтеме жасап.
Қоғамдық талқылауға шығарылған құжатта бірнеше мерзімі өткен қарызы бар азаматтар өз берешектерін біріктіріп, кредиторлармен бірге реттеу рәсімінен өте алатыны туралы жазылған.
Аталған тізімге микроқаржы ұйымдарындағы қарыз – 90 күннен аса кешіктірілген, банктік қарызы – 180 күннен аса мерзімінен асқан және кепілсіз қарыздар кіреді.
Жалпы қарыз сомасы 1600 АЕК-ке тең борышкерлер жаңа мүмкіндікті пайдалана алады. Жоғарыдағы тізімге енген Қазақстан азаматтары банкке барып, барлық қарыздарын біріктіріп, оларды бірге төлей алады немесе жаңа төлем кестесін жасау мүмкіндігі бар.
Банктер борышкерді бұл жеңілдікті ұсыну үшін оның барлық айыппұлы мен өсімпұлын кешіруі керек. Сондай-ақ жарты жылға дейін төлемге жеңілдік беру мүмкіндігі қарастырылған.
Ереже жобасы "Ашық НҚА" сайтында 20 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.