Егде жастағы азаматтардың мектептерді күзетуіне тыйым салынады, деп хабарлайды 24kz.
Балалардың қауіпсіздігіне жауапты қарауыл қызметіне кім көрінген алынбайды. Күзетші арнайы дайындықтан өткен болуы керек. Жаңа ереже қашан күшіне енеді?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Астанадағы 4 мыңға тарта бала оқитын №74 мектептің қауіпсіздігіне 70 жастағы Балғабай ақсақал жауап береді. Бірақ қария «қартайдым» демейді. «Білім ошағына баса-көктеп кіргісі келгендерді, қандай да бір қауіп төндіргендерге қарсы тұруға қайратым жетеді», — дейді. Құр сөзге түсінбегендерді қорғаныс құралдарымен жөнге салатынын айтады.
Бұл бір ғана мысал. Расында, қарауыл деген аты болмаса, көп жерде бұл қызметті зейнеткерлер атқарып жүр. Ата-аналар да балалаларың қауіпсіздігіне алаң. Өйткені күзет деген киім киген қарттардың өзге түгілі өздерін қорғай алатынына күмәнмен қарайды. Бірақ шарасыз. Себеп, күзет қызметі жұмысқа адам аларда жасына шектеу қоймайды. Ал мектеп әкімшілігінің күзет компанияларына қоятын талабы тіпті жеңіл.
Фариза Жылқайдарова, мектеп директорының орынбасары:
- Күзет қызметінің зиянды әдеттері болмауы керек. Моральдық жағынан тұрақты болуы керек және мектептің мүлкін қорғауы керек. Мектептің қызметкерлері мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.
Астанадан Алматыға ойыссақ. Мұнда да солай. Біз бас сұққан үш мектептің үшеуін де зейнеткерлер күзетіп тұр. Ішіндегі ең жасы №159- мектептің қарауылы. Бұл – 68 жастағы Несіпбек атай.
Несіпбек ақсақал жұмыс істейтін компанияға мектеп әкімшілігінің көңілі толады. Бастысы, қағаз жүзінде қойған шарттарға сай келеді.
Талғат Ермекұлы, мектеп директорының орынбасары:
- Олар жалпылама айтқанда, сертификат алған мамандар. Әрқайсылары өздерінің не істеу керектігін біледі. Қалай қолдану керек екенін біледі. Өзінің жұмысын қалай істеу керек екенін біледі. Егер де бөгде адамды кіремін десе, тоқтата алады. Арнайы дайындықтан өткен адамдар.
1 қыркүйектен бастап бірқатар мектеп күзетшісі жұмыссыз қалатын сыңайлы. Министрлік көптен бері көтерілген мәселеге құлақ асты. Қарауылдар арнайы дайындықтан өткен, зейнет жасына жетпеген болу керек.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Биылғы жылдан бастап білім беру ұйымдарына қойылатын күзетшілерге деген талап қатаңдатылды. Жас ерекшелігіне байланысты шектеу қойылды. 50 жасқа дейінгі мамандардың мектептерді күзетпен қамтамасыз етуге және олардың арнайы дайындықтан өткендігі жөнінде құжатының болуы.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Екі жыл бұрын енгізілген нұсқаулық бойынша бала саны 700-ден асқан мектептерде лицензияланған күзет қызметі болуы керек. Әрі бұндай білім беру мекемелері радиобайланыс құралдары, қызметтік қару және жедел мобильді топтармен қамтылуы тиіс. Десе де, күні бүгінге кей өңірлер ережене елемей отыр. «Ал Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарындағы оқу ошақтарының қауіпсіздік деңгейі тым төмен», - дейді Ішкі істер министрлігі.
Авторы: Шерхан Абзалұлы