Балуан Жәмила Бақбергенова 51 мың ұпаймен өзінің теңдессіз балуан екенін жер-жаһанға кезекті рет дәлелдеді .

Ол "Біріккен күрес әлемінің" (UWW) жаңартылған рейтингіндегі көшбасшылығын сақтап қала алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін Жәмила Бақбергенованың әлемдік рейтингте 1-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз. Сол уақытта Бақбергенова жапон қызы Ами Ишиды бірінші орыннан түсірген еді. Оған Жәмиланың Иорданияда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атануы себеп саналған. Қазақ қызы сары құрлық біріншілігінде төртінші рет үздік атанды. Жарыс нәтижесінде балуанға 10 мың ұпай берілді. Еске салайық, қазақстандық қыз биылғы барған барлық жарысынан 100 пайыздық нәтиже көрсетуде.

Рейтингтің 2 сатысына Ами Иши жайғасқан. Ал моңғолиялық Болортунгалаг Зоригт үздік үштікке ілінсе, төрттікті Александра Ангел түйіндеп тұр.

Қазіргі уақытта Жәмила Бақбергенованың қоржынында әлем чемпионатының 3 күмісі, 1 қоласы бар. Сонымен қатар, Азия чемпионатының 4 алтыны мен Азия ойындарының күміс медалін де мойынға таққан.