Қазақстандық балуан Жәмила Бақбергенова Біріккен күрес әлемі (UWW) жариялаған жаңартылған рейтингте көшбасшылық орнын сақтап қалды, деп жазады El.kz интернет порталы.
Сәуір айындағы рейтингте ол жапониялық Ами Ишиды артқа тастап, бірінші орынға көтерілген болатын. Бұл жетістікке Бақбергенованың Иорданияда өткен Азия чемпионатында кезекті рет топ жаруы себеп болды. Ол жарыста төртінші мәрте чемпион атанып, 10 мың ұпай жинады. Жаңартылған рейтингте Ами Иши 72 келі салмақта екінші орында тұр. Ал үздік үштікті моңғолиялық Болортунгалаг Зоригт түйіндеді, төртінші орында – румыниялық Александра Ангел.
Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова – әлем чемпионатының төрт дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері. Сондай-ақ, ол Азия чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы әрі Азия ойындарының күміс медаль иегері.