Министрлік өкілі Айбек Смадияров қалада әскери қақтығыс жоқ екенін, сондықтан эвакуация жүргізудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Лос-Анджелестегі оқиғаларға байланысты шетелдегі азаматтарға арнайы үндеу жариялады.
– Лос-Анджелесте жағдай бақылауда. Әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бізге азаматтар тарапынан эвакуация туралы ешқандай өтініш түскен жоқ. Сондықтан, ешкімді эвакуациялау жоспарланбаған, – деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, Смадияров АҚШ-та ақпарат құралдарының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, сондықтан әрбір азамат өз қауіпсіздігін өзі бағалап, ақпаратты дер кезінде ала алатынын айтты.
– Біз әр адамға жеке бағыт-бағдар беретін нұсқаушы емеспіз. Шетелге жол жүріп бара жатқан әр азамат өз маршрутын, баратын елдегі ахуалды алдын ала зерттеуі қажет. Бұл – қауіпсіздік шарасының маңызды бөлігі, – деп қосты ол.
Айта кетейік, 6 маусым күні Калифорнияның оңтүстігінде жүргізілген иммиграциялық рейдтерден кейін Лос-Анджелесте жаппай наразылықтар басталды. АҚШ билігі заңсыз иммиграциямен күрес шаралары аясында рейдтер жүргізген. Кей аудандарда халық пен иммиграциялық қызмет (ICE) арасында қақтығыстар орын алып, арнайы құралдар қолданылған.
8 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Лос-Анджелеске Ұлттық гвардия күштерін жіберді. Соңғы деректерге сәйкес, наразылықтар кезінде 56 адам ұсталған.