Анна Данилина бұрын-соңды мұндай жетістікке жеткен емес.
Ролан Гаррос турнирінде Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптық сында алғаш рет финалға шықты. Бұл – тек спортшының жеке жетістігі емес, сонымен қатар отандық теннис үшін тарихи белес.
Финалда олар Олимпиада чемпионы атанған италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге қарсы ойнады. Үш сетке созылған тартысты кездесуде Данилина мен Крунич 4:6, 6:2, 1:6 есебімен есе жіберді. Алайда бұл нәтиже Аннаға WTA рейтингінде жаңа биікті бағындыруға жол ашты.
Ролан Гарростан кейін Данилина жұптық рейтингте тоғызыншы орынға көтерілді. Бұл оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, Анна WTA рейтингінің үздік ондығына енген алғашқы қазақстандық теннисші атанды.
Финалға апарар жол оңай болған жоқ. Ширек финалда олар жарыстың бірінші нөмірлі жұбы – Катерина Синякова мен Тейлор Таунсендті сенсациялық түрде жеңсе, жартылай финалда Ульрикке Эйкери мен Эри Ходзумиді тартысты матчта тізе бүктірді. Бұл – Анна мен Александраның өзара үйлесімі мен табандылығының нәтижесі.
Анна үшін бұл – "Үлкен дулыға" санатындағы турнирлердегі үшінші финал: 2022 жылы ол Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққан, 2023 жылы АҚШ ашық чемпионатында микст санатында жеңіске жеткен, ал 2025 жылы Ролан Гарроста жұптық финалда бақ сынады.
Бүгінде оның қоржынында WTA турларында жеңіп алған 9 титул, сондай-ақ ондаған ITF және Challenger турнирлеріндегі жеңістер бар. Анна Данилинаның Ролан Гаррос турниріндегі жетістігі – оның жеке спорттық жолындағы маңызды белес қана емес, сонымен қатар қазақстандық теннис үшін үлкен серпіліс.
Сонымен қатар, WTA жаңартылған рейтингінде өз нәтижесін жақсартқан тағы екі қазақстандық теннисші бар. Юлия Путинцева жұптық рейтингте 64-орынға көтерілсе, Сандуғаш Кенжибаева 546-орынға жайғасты – бұл да оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жекелей сында еліміздің 1-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінен кейін 11-орынды сақтап қалды.