Биыл Қазақстанда Құрбан айт мейрамы 6-8 маусым аралығында өтеді. Бұл мейрам – мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті , ұлық мереке. Ол қажылық ғибадатының аяқталуымен тұспа-тұс келетін, құрбан шалумен ерекшеленетін күн. Құрбан айт күндері мұсылмандар мешітке барып айт намазын оқиды, мұқтаждарға құрбандық еті таратылады, ренжіскендер татуласып, туыстық, көршілік байланыстар нығаяды. Діни мерекенің басты мәні де сол – Аллаға шүкіршілік айту, адамзатқа жанашырлық таныту, жақыныңа жақсылық жасау. Бұл күндерде бірлік пен мейірім, кішіпейілділік пен кеңпейілділік қасиеттері дәріптеледі.

Заманауи қоғамдағы Құрбан шалу

Бұл күндері әрбір мұсылман Алла разылығы үшін құрбандық шалып, етін мұқтаж жандарға таратады. Алайда 2020 жылдардан бастап, әлемде орын алған пандемия, урбанизация, экологиялық және санитарлық талаптар діни рәсімдердің заманауи нормалармен үйлесуін күн тәртібіне шығарды. Соның ішінде құрбан шалудың да жаңа, заманауи үлгілері мен тәсілдері қалыптаса бастады. COVID-19 пандемиясы кезінде бірқатар елдерде мал базарлары мен сою орындары уақытша жабылып, адамдар жаппай онлайн құрбан шалуға көшті. Қазақстанда да «ҚМДБ» ұйымдастыруымен ресми сайттар арқылы тапсырыс беру жолға қойылып, сенімді серіктестер құрбандықты шариғатқа сай шалып, етін мұқтаждарға таратты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ұсынған Qurban2025.kz сынды ресми платформалар арқылы құрбандық мал таңдау, сенімхат беру, бейнеесеп алу мүмкіндіктері ұсынылды. Бұл тәсіл әсіресе шетелде жүрген отандастар мен ірі қалалардағы тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз шешім болып, қалыпты тәжірибеге айналып келеді. Цифрлық жүйелер мұқтаж жандардың дерекқорын жасақтап, құрбандық етін шынайы зәру адамдарға жеткізуге көмектеседі. Бұл әлеуметтік әділеттілік пен ашықтықтың заманауи үлгісі. Құрбан айт қарсаңында Instagram, TikTok, YouTube секілді платформаларда имамдар, теологтар мен діни сарапшылар түсіндірме роликтер жариялап, жастардың шариғатқа сай құрбан шалуына ықпал етуде. Бұл – діни сауаттылық пен рухани мәдениетті цифрлық орта арқылы дамытуға мүмкіндік береді.

Цифрлық платформа арқылы құрбан шалу қалалардағы бақылаусыз мал союды азайтып, санитарлық-экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сеп болды. Мал сою бекеттерінде QR-код арқылы кезек алу, бақылау камералары мен онлайн мониторинг те – цифрлық дәуірдің жемісі. Құрбан айт – тек қана діни міндет емес, қоғамдағы әділеттілік, тазалық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. Цифрлық технологиялар бұл дәстүрдің мазмұнын жоғалтпай, маңызын арттырып, оны барынша қолжетімді, әділетті және заманауи үлгіде жүзеге асыруға жол ашты. Дін мен технология үйлескенде – қоғам да, сенім де дамиды.

Қалалық жерлерде құрбан шалу санитарлық ережелер мен қаланың экожүйесіне әсер етпеуі үшін арнайы орындарда жүргізіледі. Бұл биологиялық қалдықтардың дұрыс жойылуы, жұқпалы аурулардың алдын алу, табиғатқа зиян келтірмеу секілді талаптарды сақтауға жол ашады.

Құрбан айт кезінде тәртіпті сақтау, рұқсатсыз мал союдан аулақ болу, рәсімнің мағынасын терең түсіну – қазіргі заманда әрбір мұсылманның мәдениетінің көрсеткіші. Шариғат талаптары мен қоғамдық заңдардың бір-біріне қайшы келмей, үйлесімді қызмет етуі – заманауи діни тәжірибенің маңызды бағытына айналды. Құрбан шалу – заманауи әлемде де өз мәнін жоғалтпаған, қайта жаңа технологиялармен, әлеуметтік жауапкершілікпен байытылған дәстүр. Оның басты мақсаты – ықылас, көмектесу, тазалық пен тәртіп.

Мұсылман әлемінің ең қасиетті мерекелерінің бірі – Құрбан айт – жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған мұсылман қауымының басын біріктіретін рухани оқиға. Бұл мереке тек діни рәсім ғана емес, сонымен қатар адамгершілік, қайырымдылық, бірлік пен бауырмалдықтың жарқын көрінісі.

Құрбан айт зүл-хижжа айының 10-шы күні басталып, үш күнге созылады. Мереке Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) Алланың бұйрығына бойұсынып, ұлы Исмаилды құрбан етуге дайын болған оқиғасына негізделген. Алла Тағала оның ықыласын қабыл етіп, құрбандыққа қошқар жіберген. Содан бері мұсылмандар бұл күндері мал шалып, оның етін үшке бөліп: бір бөлігін өзіне, бір бөлігін туыстарына, үшінші бөлігін мұқтаж жандарға таратады. Мереке қарсаңында бас мифти ҚМДБ сайтында жазба жарияалды. Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялағаны, игі бастама аясында қасиетті Құрбан айт күндері жүзеге асатын ізгі іс-шаралар отбасы құндылығын, жанұя жарасымын арттыруға бағытталатыны айтылып, халықты осы бастамамызға үн қосуға шақырыпты.

Алла қаласа осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Демек, онлайн форматта құрбандық шалуға тапсырыс бере аласыздар. Құрбандық еті мұқтаж жандарға, яғни мақсатты орындарға жеткізіледі. Өздеріңізге белгілі, біз өткен жылы Құрбан айт күндері республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру үшін арнайы жұмыс штабын құрдық. Оған еліміз бойынша 1388 дін қызметкері мен «Зекет және қайырымдылық» қорының еріктілері үлес қосты. Нәтижесінде жалпы саны 40 778 мал құрбандыққа шалынып, 131 ет қабылдау пункттеріне жиналған құрбандық еті 136 964 отбасыға жеткізілді. Құрбандық еті 358 мекемеге, атап айтқанда, мүгедектер, зағиптар қорына, ауруханалар мен ардагерлер үйіне берілді. Биыл да осы қайырымдылық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға дайынбыз. Алла қаласа еліміз бойынша 60 орында құрбан шалу рәсімі жүзеге асады. Барша жерлестерімді ортақ сауапты іске үлес қосуға үндеймін. Сіздердің жасаған қайырымдылық амалдарыңыз мақсатты орындарға, нақты айтқанда, мешіттен көмек сұрап келген әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі, — деген бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар ол Құрбан айт кезінде беймәлім қорлар мен жекелеген ұйымдар халықты онлайн құрбандыққа үгіттеп жатқанын, жеке мүдделеріне пайдаланатын кейбір алаяқ ұйымдардан сақ болуға шақырды.

Осы ретте айта кетер маңызды мәселе: жыл сайын Құрбан айт күндері жекелеген азаматтар, сонымен қатар кейбір бізге беймәлім қорлар мен ұйымдар халықты онлайн құрбандық жасауға үгіттеп келеді. Олардың жеке мүдделеріне қатысты осындай іс-әрекеттері еліміздің мұсылман жамағатын алдаңдатуда. Сондықтан қайырымдылық іс-шараларды жеке мүдделеріне қолданатын қорлардан сақ болуға шақырамыз. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Әрине, еңбектің ақталғаны жақсы. Дегенмен біз «пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала халыққа жасаған жақсылықтарыңызды өздеріңізге еселеп береді. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда «Бақара» сүресінің 272-аятында: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді» деп, мұсылман баласын зор қуанышты хабармен сүйіншілеген. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын! Халқымыз: «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Бұл – мұқтаж адамды қуанышқа бөлеген пенде міндетті түрде Алланың игілігіне кенеледі деген сөз. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметін нәсіп еткей! Әумин!, — деді өз сөзінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мерекенің әдеп, әлеуметтік және экологиялық контексті

Құрбан айт мерекесі әлемнің әр түкпірінде түрлі атаулармен аталып өтеді: Түркияда – «Курбан Байрамы», Малайзия мен Индонезияда – «Хари Рая Хаджи» немесе «Хари Рая Құрбан», Үндістан мен Пәкістанда – «Бакри Ид», Өзбекстанда – «Қурбон Ҳайити», Иранда – «Ид-е-Қорбан».

Мереке барысында мұсылмандар мешіттерге жиналып, айт намазын оқиды. Мал шалу рәсімі орындалып, оның еті мұқтаждарға таратылады. Отбасылар мен қауымдастықтар бір-біріне қонаққа барып, дәстүрлі тағамдар дайындалады. Балаларға сыйлықтар мен тәттілер беріледі.

Құрбан айт мерекесі мұсылмандарды рухани тазалыққа, сабырлық пен шүкіршілікке тәрбиелейді. Бұл күндері адамдар өздерінің ниеттерін жаңартып, Аллаға деген ықыласын арттырады. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға көмек көрсету арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға үлес қосады.Құрбан айт – тек діни мереке ғана емес, ол – адамзаттың бір-біріне деген мейірімі мен жанашырлығын көрсететін ерекше күн. Бұл мереке арқылы мұсылмандар өздерінің рухани байлығын арттырып, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтады.

Құрбан шалудың әдеп, әлеуметтік және экологиялық контексті көпқырлы әрі терең мағыналы. Әдептік (этикалық) контекстіне келер болсақ, құрбандық тек сыртқы рәсім емес, жүректегі ықыласпен жасалуы тиіс. Бұл – шүкірлік пен Аллаға жақындаудың жолы. Ислам шариғаты құрбандыққа шалынатын малға азап бермеуді, оны мейірімділікпен және тез, ауыртпай бауыздауды міндеттейді. Мал шалу процесі санитарлық талаптарға сай өтуі – мұсылманның тазалыққа мән беруінің бір белгісі.

Ал әлеуметтік контекстіне келер болсақ, ең алдымен кедей мен мұқтажды тойдыру. Құрбандық еті тек қана отбасыға емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға таратылады. Мерекенің қоғамдық бірлікке де қатысы бар. Ағайын-туыспен, көрші-қолаңмен бөлісу арқылы татулық пен бауырластық нығаяды. Садақа мәдениетін қалыптастыратын бір тұсы – бай мен кедейдің арасын жақындастыратын, қоғамдағы теңсіздікті азайтатын құрал.

Мұсылмандар ең ерекше есте сақтайтын мерекенің бір тұсы бар. Ол -экологиялық контексті. Малды шариғатқа сай, бақылаулы түрде сою қажет. Бұл экожүйеге зиян келтірмеу, инфекциялық қауіптің алдын алу үшін маңызды. Сонымен қатар малды шамадан тыс құрбандыққа шалмау да маңызды саналады. Шариғатта жағдайы келетін адамға ғана міндеттелуі – табиғи ресурстарды ысырап етпеу деген сөз. Сондай-ақ, қалдықсыз өңдеу де құп көреді. Қалдықтарды жою, теріні тиімді пайдалану – экологиялық мәдениеттің көрінісі болуы керек.

Әлем халықтары Құрбан айтты қалай атап өтеді?

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандар бұл мерекені әртүрлі мәдени дәстүрлермен атап өтеді, алайда барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар – иман, құрбандық, қайырымдылық және қауымдастық рухы.

Орта Шығыс пен Солтүстік Африка

Сауд Арабиясында Құрбан айт қажылықтың соңғы күндерімен тұспа-тұс келеді. Миллиондаған қажы Меккеде жиналып, Айт намазын оқып, Құрбан шалады. Бұл күндерде қасиетті Қағба маңында ерекше рухани атмосфера орнайды. Ал Мысырда мұсылмандар мешіттерде жиналып, Айт намазын оқиды. Кейін отбасылар мен достар арасында мерекелік дастархан жайылып, құрбандық еті мұқтаждарға таратылады. Көшелер мен үйлер түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, мерекелік көңіл-күй қалыптасады. Мароккода Құрбан айтқа дайындық бірнеше күн бұрын басталады. Құрбандыққа шалынатын малдың мүйіздеріне хна жағып, оны жақсы ырымға балайды. Үкімет қызметкерлерге мереке қарсаңында жалақыларын алдын ала төлейді, ал банктер арнайы несиелер ұсынады.

Африкаға жататын Нигерияда мұсылмандар жаңа киім киіп, мешіттерге Айт намазына жиналады. Намаздан кейін имам құрбандық шалып, халық үйлеріне барып, өз құрбандықтарын шалады. Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі мұқтаждарға таратылады. Сомалиде Айт намазынан кейін отбасылар жиналып, дәстүрлі тағамдар дайындайды. Құрбандық еті туыстар мен көршілерге таратылады, бұл қоғамдағы бірлікті нығайтады.

Түркияда Құрбан айт "Курбан Байрам" деп аталады. Ер адамдар мешіттерге барып, Айт намазын оқиды. Кейін отбасылар мен достар арасында мерекелік дастархан жайылады. Балаларға сыйлықтар мен тәттілер беріледі, ал көшелерде мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

Ал елімізде Мұсылмандар мешіттерде Айт намазын оқып, құрбандық шалады. Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі мұқтаждарға таратылады. Отбасылар мен достар арасында мерекелік дастархан жайылып, бір-біріне қонаққа барады.

Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия

Үндістан мен Пәкістанда Құрбан айт "Бакра Ид" деп аталады. Мұсылмандар жаңа киім киіп, мешіттерге Айт намазына жиналады. Құрбандық шалынып, еті туыстар мен мұқтаждарға таратылады. Мерекелік дастархандарда дәстүрлі тағамдар дайындалады.

Ал Индонезия мен Малайзияда Құрбан айт "Идуль Адха" немесе "Хари Рая Хажи" деп аталады. Мұсылмандар мешіттерде жиналып, Айт намазын оқиды. Құрбандық шалынып, еті мұқтаждарға таратылады. Мерекелік дастархандарда дәстүрлі тағамдар дайындалады.

Батыс елдері

АҚШ, Канада және Ұлыбританияда мұсылман қауымдастықтары мешіттерде немесе ашық алаңдарда Айт намазын оқиды. Құрбандық шалу жергілікті заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. Құрбандық еті мұқтаждарға таратылады, ал отбасылар мен достар арасында мерекелік дастархан жайылады.

Ерекше дәстүрлер

Мароккода құрбандыққа шалынатын малдың мүйіздеріне хна жағып, оны жақсы ырымға балайтынын айттық. Бұл елде Үкімет қызметкерлерге мереке қарсаңында жалақыларын алдын ала төлейді, ал банктер арнайы несиелер ұсынады. Ливияда құрбандыққа шалынатын малға көз бояу жағып, хош иісті түтінмен аластайды. Құрбандық шалғаннан кейін малдың қанын көміп, жын-шайтаннан сақтану үшін арнайы рәсімдер жасайды. Филиппинде құрбандық шалғаннан кейін дастархан басында отырған орындықтардың астына ақша жасырып, оны тапқан адамға сыйлық ретінде береді. Бұл дәстүр балалар мен қонақтар арасында ерекше қуаныш тудырады.

Құрбан айт – бүкіл әлем мұсылмандарын біріктіретін рухани мереке. Әр елдің өзіне тән дәстүрлері мен ерекшеліктері болса да, барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар – иман, құрбандық, қайырымдылық және қауымдастық рухы. Бұл мереке мұсылмандарды бірлікке, мейірімділікке және өзара түсіністікке шақырады.