Бұл бағытта магистрлер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білім алады.

Қазақстанда 2026 жылдан бастап "Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер" атты жаңа магистрлік бағдарлама іске қосылады. Ол бүгін Алматыда ресми түрде таныстырылып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде (QyzPU) тұсауы кесілді, деп хабарлады Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымы.

Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың әл-ауқатына оң ықпал ететін ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және болашақ мамандарды гендерлік мәселелер бойынша терең біліммен қамтамасыз ету.

"Екі жылдық оқу бағдарламасы гендерлік теңдік, адам құқықтары, әлеуметтік әділеттілік, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оқыту Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары мен халықаралық сарапшылардың бірлескен жұмысы нәтижесінде дайындалған", – деді университет ректоры Гүлмира Қанай.

Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" құрылымы кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева білім бағдарламасының маңызын атап өтті.

"Студенттер әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін адам құқықтары мен гендерлік теңдік, сондай-ақ әлеуметтік, экономикалық және саяси құралдар туралы білім алуға мүмкіндік алады. Сондай — ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессорларының жетекшілігімен магистранттар зерттеу қызметін жүргізіп, Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың әл-ауқаты үшін өздерінің ғылыми үлестерін қоса алады", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Әлемдегі әйелдер ұйымдарының 90 пайызында жабылу қаупі бар – "БҰҰ-әйелдер"


Бағдарламаның оқу жоспарын QyzPU профессорлары мен оқытушылары және қазақстандық, халықаралық сарапшылар бірлесіп дайындаған.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде әлемнің 146 елінің ішінен 76-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш әйелдер мен ерлер арасындағы құқықтар мен мүмкіндіктердің айырмашылығын көрсетеді. Ел экономикалық қатысу және мүмкіндіктер бойынша 28-орынды, білім беруде 36-орынды, денсаулық пен өмір сүру бойынша 46-орынды, саяси құқықтар мен мүмкіндіктер бойынша 116-орынды иеленді.