Әлеуметтік желіде Амантай қажы Асылбековтің бір әйелді баспалдақтан итеріп жібергені түсірілген видео қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы KursivMedia-ға сілтеме жасап.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген Амантай қажының айтуынша, видео — шындыққа жанаспайды.
– Бәрі жалған. Ондай жағдай болмаған. Мен үнемі Стадионға барып тұрам. Сол күні мас күйде бір әйел – Биғайша деген – алдымнан шығып, «ооо» деп құшақтай жөнелді. Мен қажы адаммын, ондай нәрсеге қарсымын. Қолын қағып жібергенімде, ол құлап түсті. Қасында бір жігіт болды, соған «көтер» дедім. Бірақ оның басқа ойы болған сияқты. Жауларым көп қой, не мақсатпен түсіргенін білмеймін, – деді ол.
Амантай қажы ешкімге қол көтермегенін, бұл оқиға – өзіне қарсы жасалған арандату екенін айтты.
– Ұрған жоқпын. Кейін ауруханаға да бардым. Журналистер келді. Қараса, ештеңе болмаған. Әйел шай ішіп отыр, – деді ол.
Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабымен іс қозғалғанын хабарлады.
Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.