Астанада әйел қамауда отырған ұлына жасырын түрде телефон бермек болған. Ол құрылғыны аяқ киімнің табанына жасырып әкелген. Бұл заңбұзушылық бейнебақылау камералары арқылы анықталды , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, әйел адам ұлын қорғау мақсатында келген. Ол ұлына – жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасады деген күдікпен қамауда отырған ер адамға телефон беруге тырысқан.
Телефон аяқ киімнің табанына мұқият жасырылған. Қоғамдық қорғаушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.
КУИС өкілдерінің айтуынша, түсіндіру жұмыстарының жиі жүргізілуіне қарамастан, азаматтар режимдік мекемелерге тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысады.
Мұндай жағдайлар Павлодар мен Қызылордада да тіркелген. Павлодардағы тергеу изоляторында қызметкерлер 39 жастағы күдіктіге арналған торт ішінен телефон, қуаттағыш пен құлаққап тапқан. Бұл бойынша да әкімшілік хаттама толтырылған.
Ал Қызылордада телефон кір сабынның ішіне жасыру арқылы жеткізілмек болған.
"Кездесуге келген барлық азаматқа тыйым салынған заттарды өткізуге қатысты жауапкершілік туралы түсіндіріледі. Мекемелер рентген құрылғыларымен жабдықталған. Онда телефон, есірткі және басқа да тыйым салынған заттар анықталады. Барлық адам тексеруден өтеді", — деді КУИС-тің режим, бақылау және күзет басқармасының басшысы Берік Байкенов.
Биылдың басынан бері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде телефон жеткізудің 346 әрекеті анықталған. 58 литрден аса алкоголь, 10 келіден аса есірткі тәркіленген. 128 адам, оның ішінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 20-дан аса іс сот қарауында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!