Белгілі коуч Нұрлан Жанай тағы да дау-дамайға ілікті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Өзін квант техникасын үйретуші және мотивациялық тренер ретінде көрсетіп жүрген Нұрлан Жанайға қатысты жұбайы, стилист әрі блогер Нұрлы Оқастың ашық мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен резонанс туғызды. Жанайдың жеке өміріндегі даулы жағдай оның кәсіби бейнесіне көлеңке түсіріп отыр.

Көпшіліктің алдында өзін "энерго-коуч" және "рухани ұстаз" ретінде танытып жүрген Нұрлан Жанайдың әйелі оның екіжүзділігі мен отбасына деген жауапсыздығы туралы алғаш рет ашық айтты.

Мен – екі баланың анасы, көпшілік алдында өзін "адамдарға өмір үйретуші" деп таныстырып жүрген Нұрлан Жанайдың әйелі болдым. Бұл жазбаны жазбасқа амалым қалмады. Себебі үндемеу – жәрдем беру. Ол маған жай сатқындық емес, зорлық, эмоционалды абьюз, қаржылық қиянат, және ең бастысы – екі баласына жауапсыздық танытты, – деп жазды Нұрлы Оқас.

Әйелінің айтуынша, коучтың ассистентімен интимдік байланыста болғаны кездейсоқ анықталған.

Төрт күн бұрын оның телефонын кездейсоқ қарап, ассистенті – жас қызбен интимдік хаттарын оқып қалдым. Сол қыз сол күні менің үйімде болды – шай ішті, балаларыма "әпке" болып еркеледі, күліп-ойнап отырды. Бірақ үйден шыққан соң, екеуі қонақ үйге барып, ішіп, төсектес болған, – дейді ол.

Жанжал мұнымен аяқталған жоқ. Нұрлы Оқастың сөзінше, басқа да әйелдер Instagram мен TikTok арқылы осыған ұқсас жайттар туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.

Ол тек бір емес, бірнеше қызбен, жылдар бойы көзіме шөп салып, өзін ел алдында "рухани ұстаз" етіп көрсетіп жүрген. Балаларым үшін ғана салмай отырмын. Өте жиіркенішті. Ол жүйелі түрде 6 жыл бойы көзіме шөп салған. Мені ұрып-соққан. Қаржылық тұрғыда мені қарызға белшеден батырған, – деп мәлімдеді Оқас.

Сонымен қатар, коуч әйелінің атына көлік рәсімдеп, оны ломбардқа өткізіп жіберген.

Шоттары бұғатталған соң, көлікті менің атыма рәсімдеп, кейін ломбардқа қойып жіберді. Енді көлік те жоқ, ақша да жоқ. Арыз жазсам ба, жоқ па деп жүргенде, қарыз берген адамдар маған хабарласып, қорқыта бастады, – деп жазды ол.