Тараптар құқықтық көмек, экстрадиция және сотталғандарды беру туралы келісім жасады.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Макаоға жұмыс сапарымен барып, құқықтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында Берік Асылов пен Макаоның Әкімшілік және әділет мәселелері жөніндегі хатшысы Вонг Сио Чак жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және сотталған адамдарды беру туралы үш мемлекетаралық келісім жасасты.
Жасырынып жүрген қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім екі тарап аумағында жасырынған адамдарды экстрадициялаудың құқықтық тетігін белгілейді.
Ал қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт құқық қорғау органдарының процестік әрекеттер жүргізуі, қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салу және оны тәркілеу бойынша өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.
Сотталған адамдарды беру туралы келісім шетелде сотталған азаматтарға жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Берік Асылов Макаоның Бас прокуроры Тонг Хио Фонгпен кездесіп, халықаралық қауіпсіздік, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес, инвестицияларды қорғау және заңсыз активтерді қайтару мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты тереңдетуге және жедел ақпарат алмасуды дамытуға уағдаласты.