Биыл Батыс Қазақстан облысының төрт елді мекенінде ерікті өрт сөндіру бекеттері ашылды. Ал келер жылы тағы 31 бекет жасақталмақ.
Осы арқылы шалғай ауылдарда шыққан өртті уақытылы өшіріп, тілсіз жауды дер кезінде тізгіндейміз, — дейді мамандар.
Махамбет ауылының тұрғыны Марат Сатқановтың бүгін алғашқы жұмыс күні. Ол жаңадан ашылған ерікті өрт сөндіру бекетіне құтқарушы боп қызметке кірді. Алдағы уақытта арнайы курстан өтіп, тілсіз жаумен күрестің тәсілдерін тыңғылықты меңгермек.
Марат Сатқанов, өрт сөндіруші:
- Осы ауылдың тұрғынымын. Өрт жазда күннің ыстығында болады. Соған байланысты ауылға өрт сөндіру пункті керек. Ашылып жатыр. Жаңадан жұмысқа тартылып жатырмыз. Жұмысқа кіріп жатырмыз. Өрт сөндіруші болып бұрын жасаған жоқпын.
Махамбет ауылы халықаралық Самара-Шымкент тасжолы бойында орналасқан. Бұрын дала жанғанда не тұрғынжайлар отқа оранғанда көмек қаладан келетін. Оған дейін өрт өршіп кететін. Енді жаңа бекет осы бағыттағы Бейбітшілік, Махамбет, Макаров, Мичурин ауылдарына қызмет етпек.
Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:
- Қауіпті жағдай әр уақытта болады. Сондықтан да бұлардың басты қызметі — негізгі өрт сөндірушілер келгенге дейін өрт болған жерге жедел барып, сол жерде өртті сөндіру, әрі қарай олардың деңгейіне жеткізбес үшін, барып ұстап отыратын мекеме керек. Ең бастысы адам басына қауіп төнбейтін жағдай туғызу.
Бұрын облыста 42 ерікті өрт сөндіру бекеті болса, биыл төрт ауылда осындай пункт құрылды. Келер жылы 31 бекет жасақтау жоспарда. Жергілікті әкімдік ғимарат бөліп, штат кестесін бекітеді, жалақысын төлейді. Ал төтенше жағдай департаменті арнайы техникамен, құрал жабдықтармен қамтамасыз етеді. Тіпті қызметкерлердің дағды-машықтарын жетілдіреді.
Ерлан Төрегелдиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы күрес қызметі комитетінің төрағасы:
- Бұндай бекеттер мемлекеттік өрт сөндіру қызметімен иық тіресе бірге жұмыс істейді. Оларға біз күні кеше қызметте болған жарамды өрт сөндіру көліктерін, радиобайланыс құралдарын бердік. Махамбет ауылындағы бекет «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында биыл ашылып отырған 115-ші бекет. Жыл соңына дейін олардың санын 150-ге жеткіземіз. Елімізде 6124 ауыл бар. Соның барлығында осындай бекеттер болуы тиіс. Ел азаматтары қай жерде тұрғанына қарамастан тілсіз жаудан қорғалуы, өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.
Махамбет ауылындағы өрт сөндіру бекетінің құрылысына аудан бюджетінен 40 млн теңге жұмсалған. Бекетте 7 маман қызмет етпек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов