Оқиға орнында жүргізушінің көліктің жанында қалғаны, ал екі шетел азаматы көмек іздеп жаяу шығып, далада адасып кеткені анықталған.


Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Абай облысында адасып кеткен Қытай азаматтарын тауып, аман-есен эвакуациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, кеше 112 пультіне Аягөз ауданындағы Қопа ауылынан 35 шақырым жерде үш адам мінген жеңіл автокөліктің батпаққа батып қалғаны туралы хабарлама түскен. Олардың екеуі Қытай азаматтары болған.

Оқиға орнына ТЖМ күштері мен техникасы жедел жіберілген. Туристер жолдаған геолокация арқылы құтқарушылар көрсетілген аумаққа қысқа уақытта жеткен.

Оқиға орнында жүргізушінің көліктің жанында қалғаны, ал екі шетел азаматы көмек іздеп жаяу шығып, далада адасып кеткені анықталған.Құтқарушылар бірден іздестіру жұмыстарын бастап, аумақты шолу үшін ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланған. Бұл жолсыз дала жағдайында және бағдар беретін нысандар аз болғанына қарамастан іздеуді жедел жүргізуге мүмкіндік берген.

Нәтижесінде туристер жақын маңдағы шаруа қожалығының жанындағы дала аумағынан табылды. Үш азамат та аман-есен құтқарылды. Медициналық көмек қажет болмаған.