Елордадағы шағын дүкеннен басталған қарапайым ғана идея Тәуелсіздік күні қарсаңында бүкіл елге үлгі болып, ұлттық реңк беретін жаңа челленджге ұласты. Көк туға деген құрметтен туған бұл әрекетке ел тұрғындары ғана емес, шетелдік белсенділер де қолдау білдіріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Бұл идея қалай пайда болды?
Астананың шет жағындағы қарапайым «Әзірет» дүкеніне кірген жұрт соңғы күндері ерекше әсермен шығып жатыр. Себебі кәсіпкер Темірхан Сафаров 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай дүкенді толықтай ұлттық реңкке бояп, қабырғаларға көк тулар мен мыңдаған шарларды ілген.
Кәсіпкер бұл жұмысты жеті күн бойы өзі ұйымдастырған. Оның айтуынша, 4 мыңнан астам шар мен шамамен 1 мың туды орналастыру үшін шамамен 2 миллион теңге жұмсалған.
Темірхан Сафаровтың айтуынша, бастама ешкімнің тапсырмасы емес, өзінің идеясы.
«Бұл – менің Тәуелсіздік күніне жасаған жеке құрметім. Саудаға кіріскеніме бар болғаны бір жыл болды. Алғашқы жылымыз осылай есте қалсын дедім. Алдағы уақытта кәсібіміз үлкейсе, мұнан да ауқымды дүние жасаймын», дейді ол.
Желіде басталған қолдау толқыны
Дүкеннің суреттері алдымен Threads желісінде тарады.
«Жаңа жыл мерекесі жақсы, бірақ одан да маңызды мереке келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Біздің үйдің жанындағы осы дүкен иесіне ерекше ризамын. Ол бәрімізге маңызды күнді еске салды», деп жазды қолданушылардың бірі.
Дүкенге кірген жұрт та таңданысын жасыра алмай, әлеуметтік желіде жылы пікірлер қалдырып жатыр.
Продюсер және актёр Нұрлан Қоянбаев бұл бастаманы дер кезінде назарға алып, өз желісінде бұрын жариялаған флешмобты қайта жаңғыртты. Естеріңізге сала кетсек, ол бірнеше ай бұрын Threads желісінде: «Әр сәрсенбі – Қазақстанға арналған пост күні болсын!» деген бастама көтерген еді.
Қоянбаев елордадағы бұл дүкенді көрісімен арнайы барып, кәсіпкерге ризашылығын білдірген. Оның үндеуінен кейін шетелде жүрген қазақ белсенділері де, түрлі елдің блогерлері де дүкен иесінің ұлттық мерекені дәріптегенін жоғары бағалап, қолдау жазбаларын қалдырды.
Челлендж бүкіл елге тарады
Бүгінде кәсіпкердің идеясы бірер күн ішінде өзге өңірлерге тарап, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы дүкендер, шағын маркеттер, тіпті мейрамханалар да Тәуелсіздік күніне арналған безендірулер жасай бастады.