«Тәуелсіз Қазақстанның даму жолы мен көпвекторлы сыртқы саясаты көпке үлгі». Тәуелсіздік күні қарсаңында «Орталық Азиядағы алып державалар бәсекесі» атты ойталқыға жиналған америкалық сарапшылар осылай деп пікір білдірді.
Ақ үйдегі С5+1 саммитінің бір ай ішіндегі нәтижесін талқылаған мамандар Трамп әкімшілігі екі жақты қарым-қатынасқа жаңа дем бергенін тілге тиек етті. Аймақты Кеңес одағы заманынан бері назарға алған зерттеушілер соңғы 34 жыл ішіндегі саяси реформаларды, инвестициялық әлеуетті, логистика жобаларын ортаға салып, Қазақстанның өңірдегі маңызды рөліне тоқталды. АҚШ еліміздің қарқынды дамуына мүдделі екенін жеткізді.
Дэн Уитт, Халықаралық салық және инвестиция орталығының президенті:
- Егемендіктің 34 жылының 33-інде Қазақстанда болған екенмін. Осы уақыт ішінде мемлекетіңіздің қалай дамып, көркейгенін өз көзіммен көрдім. Мұнда ел үкіметінің сындарлы саясаты зор үлеске ие. АҚШ – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Бір ай бұрын С5+1 саммитінде АҚШ Орталық Азиямен ынтымақтастықтың жаңа дәуірін бастады. Экономикамыз үшін аймақтың маңызы аса зор. Ал Қазақстан сол аймақтың жүрегінде. Шығыс пен Батысты жалғайды. Алдағы он жылда еліңіздің дамуы одан әрі қарқындайтынына сенімдімін. Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Эндрю Куччинс, АҚШ мемлекеттік мүддесі орталығының аға зерттеушісі:
- Қазақстанның тәуелсіздік алған кезі әлі есімде. Мен елдеріңізге алғаш 1990 жылы Кеңес одағының құрамында болғанда барғанмын. Сол кезбен салыстырсақ, қысқа уақыт ішінде үлкен жетістікке жете білді. Ол кезде егемендігін енді алған елдерге күмәнмен қарағандар аз болмаған еді. Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты өзге елдерге үлгі болатындай деңгейде. Қазір АҚШ-пен байланысының жаңа кезеңі басталып жатыр. Қазақстанды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!