Ақтөбеде 35 мың орындық стадион салынады. Құрылысы екі жылда аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақтөбе қаласында жаңа футбол стадионын салу жоспары туралы айтты.
– Стадионға қатысты, бастапқыда құжаттама бойынша сұрақтар туындады, себебі УЕФА талаптарын орындау оңай емес, бұл үлкен қаржыны қажет етеді. Орын саны бойынша біз еурокубок матчтарын ескердік: ойындар кезінде қосымша арқылы 160 мыңнан астам билетке сұраныс болды, ал ішкі чемпионат ойындарына сұраныс 50-55 мың билетке дейін жетеді. Сондықтан біз 35 мың көрерменге арналған стадион салуға шешім қабылдадық. Бұған дейін айтқанымдай, мамандардың қорытындысы бойынша құрылысты екі жыл ішінде аяқтауға мүмкіндік бар, – деді Шахаров.
Қазіргі таңда Қазақстандағы ең үлкен стадион – «Астана Арена» (30 мың орын). Құрылыс аяқталғаннан кейін Ақтөбедегі жаңа стадион елдегі ең сыйымды аренаға айналады.Ал “Ақтөбе” клубының қазіргі стадионы Қобыланды батыр атындағы арена 12 мың жанкүйерге арналған.