Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ер азаматтарды қорқытып-үркітіп тұрмысқа шығатындарға да жаза қарастырылмақ. Мәжіліс депутаттары қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіп жатыр . Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Енді қыз алып қашатындарға жаза қатаң. 10 жылға дейін сотталады. 20 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді. Қыз кешірім берсе де, бұрынғыдай жазадан оңай құтылмайды. Жаңа бап осыны көздеп отыр.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мысалы, қызды күштеп алып қашты. Қыз көнбейді. Қызды қамап ұстады. Бірақ оны босататын болса, жауапкершіліктен босататын. Сондай арнайы қосымшасы бар тұғын. Сол қосымша арқылы қанша адам босап кетіп жатыр. Қосымшасын алып тастадық.
Қыз алып қашуға қатысты заңның атауы да, мәні де өзгеруде. Қылмыстық кодекске қосылып жатқан жаңа бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Маңыздылығы сол бұл заң қыз-келіншектердің де, ер азаматтардың да құқығын қорғайды.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үш бөліктен тұрады. Қылмыстық кодекске 125-1 деген жаңа бап қосылды. Бірінші бөлігінде, егер әртүрлі ақпараттар таратамын деп, басқалай манипуляция жасау арқылы некеге мәжбүрлейтін болса, жауапкершілік 2 жылға дейін бас бостандығынан айырумен шектеледі.
Яғни ер адамдарды мәжбүрлетіп үйлендіретін қыз-келіншектерге де жаза қарастырылған. Оның ішінде айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығынан шектеу де бар. Кінәлі адам 2 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Жаза істің ауырлығына қарай тағайындалды. Мысалы, қыз бала 18 жасқа толмаған болса немесе оған күш қолданылса, айыпталушыға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал денсаулығына зиян келсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Соңғы кезде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп кеткен. Бұл шын мәнінде адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Құқық қорғаушылар некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жететінін айтып отыр. Көп жағдайда бұл заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі.
Самал Қабышева, тілші:
Депутаттар халық мынаны ескерсе дейді. Яғни қыз алып қашуға қатысты қатаңдатылып жатқан заңның біздің салт-дәстүрімізге кері әсері болмайды. Яғни қыз алып қашудың да екі түрі бар. Мәжбүрлі және ерікті. Демек қыз бала өз еркімен барса онда күйеу жігітке қылмыстық жаза қолданылмайды. Мәжіліс депутаттары жаңа заң жобасын бірауыздан мақұлдап, сенатқа жолдады. Ол жақта қолдау тапса, артынша Президентке жолданып, жыл соңына дейін бұл заңда өз күшіне енуі мүмкін.
Самал Қабышева