Елімізде әскери борышын өтеген жастар оқуға тегін түсе алады, деп хабарлайды 24kz.

Сапқа тұрған сарбаздарға мемлекет осындай қамқорлық жасап отыр. Тиісті нормалар «Әскери-патриоттық тәрбие және әскери қызмет мәселелері жөніндегі» заңда бекітілген. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарға жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша мемлекеттік білім беру гранттары беріледі. Бүгінде жылына осындай 2 мыңнан астам квота бөлініп келеді. Сондай-ақ әскери қызметтен кейін жастар 2 жыл ішінде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай-ақ ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Оның ішінде магистратураға түсу мүмкіндігі де бар. Әскери борышын өтеп келген жастарға жатақханадан орын бөлу кезінде де басымдық беріледі.

Мұрат Олжабаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:

- Жаңадан келген сарбаздар армия қатарына алынбай жатып, қорғаныс департаменттеріне келгеннен бастап үгіт-насихат жүргізіліп, түсіндіріледі. Бірінші күннен бастап әскери қызметкерлердің барлық үлгерімі, жауынгерлік кезекшіліктері, өздерінің міндеттерін атқару кезіндегі көрсеткіштері физикалық-психологиялық тұрғыда есептеліп, соңында 2 пәннен тест тапсырып, рейтинг бойынша кім жоғары деңгейде, солай бөлінеді.