Ауылдағы басты мәселенің бірі – тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету.

Мәселен, егін шаруашылықтары қыс кезінде көп жұмыс күшін қажет етпейді. Салдарынан көктемнен күзге дейін бір тыным көрмейтін механизаторлар қыста қарап отыруға мәжбүр. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі агрокәсіпорындарды тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін өндірістер құруға міндеттемек. Ол үшін іргелі ұйымдар қосымша мал шаруашылығын қолға алып немесе маусымаралық дала жұмыстарын жүргізуге тиіс. Қазір бұл санатта 115 жер пайдаланушы бар. Жаңа талаптың нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ министрлік ауыл халқын қолдау мақсатында тағы бірқатар ұсыныс әзірледі.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Жалақыны көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен одан әрі көтеру қажет. Бұдан басқа ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Ұсынылған шаралар еңбек жағдайларын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға, ауылдағы адамдарды бекітуге мүмкіндік береді.