Жауын-шашын бойынша жағдай жалпы тұрақты.


Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдің астықты өңірлерінің басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты шамада күтілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Көктемгі дала жұмыстары кезеңінде топырақ ылғалдылығы бойынша жағдай жалпы қолайлы. Қостанай, Ақмола, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы болады. Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында – қанағаттанарлық. Бұл ретте ауа температурасының жоғары болуына байланысты топырақтың үстінгі қабатының тез кебу қаупі бар", – деді ведомство басшысы.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы мүмкін. Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар және Жамбыл облысының Қордай аудандарының жайылымдарында құрғақшылық қалыптасуы ықтимал.

Ауа райы болжамына сәйкес, мамыр айында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын бойынша жағдай жалпы тұрақты: елдің басым бөлігінде мөлшері норма шамасында болады.

"Жауын-шашынның нормадан аз болуы еліміздің орталық және оңтүстік-батыс өңірлерінде болжануда. Бұл – Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола өңірлерінің оңтүстік аудандары, сондай-ақ Ұлытау және Қызылорда облыстары. Жалпы мамыр айында ауа райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Маусым айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Бұл ретте республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерінде, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды облыстарының шығыс жартысында және Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында температура норма шегінде болжанады", – деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар министрі.

Министрдің мәліметінше, елдің астықты өңірлерінің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында күтіледі. Жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста болуы мүмкін. Бұл – Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының солтүстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысы.

Ал шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы норма шегінде күтіледі. Шығыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп, ал солтүстік және орталық өңірлерде негізінен норма шамасында. Бұл ретте елдің батысында болжам бойынша жауын-шашын нормадан аз болады, деді ведомство басшысы.