UFC аңызы және бұрынғы чемпион Ислам Махачевтің бапкері Хабиб Нурмагомедов шәкіртінің титул жекпе-жегін өткізетін күнді жариялады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нью-Йоркте өткен баспасөз конференциясында Хабиб бұл жекпе-жектің 15 қарашада АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы "Мэдисон Сквер Гарден" аренасында өтетінін және UFC 322 турнирінің басты айқасы болатынын айтты.

"Исламның келесі жекпе-жегі осы жерде, Нью-Йоркте болады! Менеджер Али Абдель-Азиз бұған ренжиді, өйткені бұл ақпаратты сіздерге мен айтып қойдым. Бірақ бұл – оның UFC-мен арадағы мәселесі, менің оларға қатысым жоқ. Бұл енді оның проблемасы. Исламға Madison Square Garden-де айқасу ұсынылды, ол бірден келісті!" – деді Хабиб.

Қазір жартылай орта салмақтағы чемпион – австралиялық Джек Делла Маддалена. Бұған дейін Хабиб оны мықты файтер деп бағалаған болатын.

Ал Ислам Махачев жеңіл салмақтағы UFC чемпионы болған, енді ол салмақ санатын ауыстырып, жартылай орта салмаққа ауысқан. Дағыстандық спортшы салмақ санатына қарамастан, UFC-дегі ең үздік спортшылардың бірі саналады. Ол кейінгі рет 2015 жылы жеңіліп, содан бері 15 жекпе-жекте қатарынан жеңіске жеткен.

Айта кетейік, дәл осы дивизионда Қазақстанның ең мықты файтері – Шавкат Рахмонов өнер көрсетеді. Қазір ол өз салмақ дәрежесінде рейтингте үшінші орында тұр.

Бастапқыда UFC чемпионы атағына басты үміткер дәл осы Шавкат болуға тиіс еді. Алайда Ислам Махачевтің салмақ ауыстырғаны туралы жаңалықтан кейін, қазақстандық файтердің командасы титул жекпе-жегінен бас тартып, оның орнына алғашқы белбеу қорғау айқасын "Номадқа" қарсы өткізуді ұсынған.

Сонымен қатар, америкалық файтер Шон Брэди 2025 жылғы күзге жоспарланған UFC турнирінде қазақстандық Шавкат Рахмоновпен октагонға шығуға дайын екенін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget