Ит пен мысықтан қауіп сейілмей тұр. Биыл елде үй жануарларына микрочип салу үшін бюджеттен 50 млн 500 мың теңге бөлінді. Заң күшіне енгелі республика бойынша 320 мыңнан астам ит-мысыққа екпе егіліп, чип орнатылған.
Астана тұрғыны Кристина Дүйсенбаева көшеде қалған ит-мысыққа аса жанашырлықпен қарайды. Бірнеше мысық пен төбетті қамқорлығына алған. Оларға чип салдырып, екпесін де уақытында алып жүр.
Кристина Дүйсенбаева, қала тұрғыны:
Заң шыққан жылы бәріне чип салдырдым. Айыппұлдан қорыққан жоқпын, тек жануарларымды жоғалтып алғым келмейді. Бір жағынан әрдайым ветклиникаға тексергенде, чип арқылы бұған дейін қай жері ауырғанын көріп, емдеу оңай түседі.
2023 жылдан бастап үй жануарларын чиптеу міндеттеліп, ол жұмыс жеке ветеринарлық клиникаларға жүктелді. Қызмет құны 3000-8000 теңге аралығында.
Роксана Галимова, ветеринарлық клиниканың басшысы:
Алғашқыда үй жануарларын тіркеуге келетіндер ұзын-сонар кезекке тұратын. Бірақ соңғы кезде келетіндер азайды. Мүмкін заң шыққан алғашқы жылы көбі чиптерді салдырған болу керек. Сондықтан қазір чип салдыратындар көп емес. Жалпы, жануарлардың иелері үшін бұл процедура өте тиімді.
Ал әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жануарлары тегін идентификациядан өтеді. Дегемен үй жануарларын тіркеу өңірлерде де жүргізіліп жатыр.
Асылтас Тілеубаев, Павлодар облысы ветеринария басқармасының басшысы:
800 мың теңге жұмсалды. Әлеуметтік осал топтағы азаматтардың иттерін чиптеп, таңба деген база бар, соған кіргізуге. Қазір жұмыстар жүргізілуде. Биыл жоспардың 30 пайызы орындалды.
Ресми дерек бойынша, республика бойынша 230 мың ит, 90 мыңнан астам мысық міндетті чиптеуден өткізілген. Ал қараусыз қалған жануарларға микрочип салу — жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен жүргізіледі. Бөлінген 50 млн 500 мың тг кезең-кезеңімен игерілуде.
Ерлан Жекебаев, «Астана ветсервис» мекемесі ветеринария бөлімінің басшысы:
Біз 2017-2018 жылдары осы ит-мысыққа чиптеуді бастадық. Бірақ баяу жүрді. Осы 2020 жылдан былай қарай чиптеуді үдетіп, маңызы зор болған соң кеңінен таралып кетті. Тендер және әкімшілік тарапынан клиника арнайы аулау топтары бар. Олар қаңғып жүрген, иесіз жүрген иттерді ұстап алғаннан кейін, олар уақытша паналау орнына апарылады. Сол жерде оларға чип салады.
Заң бойынша иттер мен мысықтарды есепке алу міндетті. Оған жыл сайын қаражат та бөлініп келеді. Ал талапты орындамаған азаматтар шамамен 40 мың теңге айыппұл арқалайды. Мәселен, жануар жоғалып, оны іздеу барысында чипі болмаса, иесі жауапқа тартылады. Елорданың өзінде жыл басынан бері осындай онға жуық әкімшілік іс тіркелген.
Динара Жарқынбек