Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев дрондар туралы депутаттық сауалын Қорғаныс министрі Дәурен Қосановқа жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) азаматтық салада белсенді қолданылып жатыр және тауарларды жеткізу, әуе такси секілді бағыттарда үлкен әлеуетке ие. Бұл бағыт, сөзсіз, қазіргі заманның жаңа нанотехнологияларының, жасанды интеллектінің және инклюзивті қоғамның дамуымен тығыз байланысты болғандықтан, дамытылуы тиіс.

«Алайда, мұндай технологиялардың бейбіт мақсаттан шығып, қылмыскерлердің қолына қару боп түсу қаупі бар. Кез келген көпшілік шарада – концерт, футбол матчы немесе шоу кезінде халықтың үстінде қалықтап жүрген «ойыншық» дронның ішінде қауіп жасырынуы мүмкін екенін елестетіп көріңіз. Ондай жағдайда мыңдаған көрерменді эвакуациялау мүмкін болмай қалады, ал салдары орны толмас апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан дрондарды өндіру, сақтау және пайдалану жүйелерін лицензиялаумен және есепке алумен қатар, бұл саланы қатаң реттеу – аса маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе болып отыр», деді Елнұр Сабыржанұлы.

Е.Бейсенбаевтың айтуынша Халықаралық қауымдастық та ұшқышсыз аппараттарды мақсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр.

«Мысалы, АҚШ-та 250 граммнан асатын әрбір дронда Remote ID жүйесі бар: ол дронның сериялық нөмірін, координаталарын және оператор туралы мәліметтерді онлайн түрде таратады. Сонымен қатар АҚШ билігі мемлекеттік органдардың рұқсатсыз дрондарды анықтау мүмкіндігін кеңейтуді және сертификатталған өндірісті ынталандыруды қолға алған. Осындай алдын алу шаралары – дрон түйіндерінің цифрлық таңбалануы, ұшу деректерін жазатын «қара жәшіктердің» енгізілуі – Еуропа Одағында, Ұлыбританияда, Аустралия мен Канадада да қабылданып жатыр», деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың сөзінше Қазақстанда 250 граммнан асатын, камера немесе сенсормен жабдықталған дрондарды есепке қою міндетті екені анық. Сондай-ақ дрондарды пайдалану бойынша бірқатар шектеулер бар. Алайда, іс жүзінде бұл шаралар тиімді жұмыс істемейді. Кез келген ойыншықтар немесе технологиялық дүкеннен салмағы 15 килограммға дейінгі дронды еш кедергісіз сатып алуға болады. Яғни, қазіргі реттеу тетіктері қарқынды өзгеріп жатқан шынайылыққа толық сәйкес келмейді.

«Remote ID жүйесінің жоқтығы, шағын дрондарға бақылаудың әлсіздігі, өндірушілерге лицензия берудің міндетті болмауы – дрондарды заңсыз құрастыру мен қолдану үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Жасанды интеллектінің дамуы нәтижесінде кез келген дронды адамның қатысуынсыз-ақ белгілі бір заңсыз әрекеттерге бағыттап, автоматтандырылған түрде қолдануға болады», деді Е.Сабыржанұлы.

Депутат мұндай қауіптің алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай нақты шараларды қолға алуды ұсынды.

1) 250 граммнан асатын барлық дрондарға Remote ID жүйесін енгізу.

2) Ұшу тарихын есепке алуды кеңейту үшін «қара жәшіктерді» енгізу мен деректерді беру және өңдеу жүйесін дамыту.

3) Дрон өндірушілерге лицензия беруді енгізу және негізгі құрамдас бөліктерді міндетті түрде бірегей таңбалаумен қамтамасыз ету.

4) Дрондарды заңсыз құрастыру мен қолдану бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту.

«Бұл дер кезінде қабылданатын және теңгерімді шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін едәуір арттырып, болуы мүмкін қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деп сөзін аяқтады «AMANAT» партиясы депутаттары атынан Елнұр Бейсенбаев.