Бұл туралы депутаттық сауалда айтылған.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Қазақстанда әскери фельдшерлерді дайындауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутаттың сөзінше, әскери дәрігерлер мен фельдшерлерді даярлау жүйесі жан-жақты дамуы тиіс.Өйткені ол жедел әрекет етуге, әскери-медициналық тұрғыда тұрақты қамтамасыз ету мен еліміздің қазіргі заманғы қауіп-қатерге дайындығына тікелей әсер етеді.
"Әскери медицина саласындағы бастапқы медициналық көмектің негізгі орта буын мамандарын – әскери фельдшерлерді даярлауды қолға алу қажет. Бүгінгі таңда, Қарулы Күштер мен азаматтық қорғаныс жүйесі тарапынан кадрларға деген қажеттілік артуда. Ел аумағының көлемі, шалғай елді мекендердің жағдайы, табиғи және техногендік тәуекелдерге байланысты мобильді, әрі арнайы медициналық мамандарды даярлау стратегиялық мәнге ие болуда", – деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Сенатор Талдықорған қаласындағы медициналық колледждердің базасында әскери фельдшерлерді даярлау туралы ұсыныс айтты. Бұл қалада әскери гарнизонның, госпитальдің және салалық медициналық мекемелердің болуы нақты ахуалға жақын жағдайда тәжірибемен ұштастырып оқыту мен тағылымдаманы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Ғалиасқар Сарыбаев бірқатар ұсыныс тастады.
"Талдықорған жоғары медициналық колледжі базасында әскери фельдшерлер даярлайтын мамандандырылған бөлімше ашу мүмкіндігін қарастыруды; мүдделі мемлекеттік органдарға бірлесіп тиісті білім беру модульдері мен стандарттарын әзірлеу және енгізу мәселесін пысықтауды; сала мамандарына деген қажеттілікті айқындап, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды; жобаны іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың функциялары мен жауапкершілігін айқындай отырып, ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуді; қолданыстағы мамандықтар мен біліктіліктер сыныптауышысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруды сұраймыз", – деді Сенат депутаты.