Біз таза көшелермен жүріп, қоқыстан ада аулаларды мақтанышпен көрсетеміз. Бірақ сол тазалықтың артында кімнің тұрғанын ұмытып кете береміз. Бір уыс қоқысты жерге тастап, артына қарамайтындарға бұл материал арқылы сол еңбек иелерінің үнін жеткізгіміз келеді. Таң қылаң бере көше сыпырып жүрген беймәлім жандардың еңбегі орасан. Қоқыстың ортасында жүріп, тазалықты ту еткен көше сыпырушылар мен арнайы техниканы басқаратын жүргізушілерді El.kz интернет порталының тілшісі сөзге тартты.

Адал еңбек иесі

«Астана Тазалық» кәсіпорны – тек көше тазалап, қоқыс шығарып қана қоймай, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, тұрақты даму мен қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істеп келе жатқан мекеме.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Осы кәсіпорында жұмыс істеп Астана көшелерін тазалап жүрген жұмысшылардың еңбегін көзбен көру үшін таңмен таласа діттеген жерге біз де келдік. Көше тазалайтын жұмысшылардың бригадирі Ғайни Есмағанбетова – осы салада 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман. Ол 2000 жылы жұмысына кіріскеннен бері, тазалықты қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілікті арқалап келеді.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Мен осы салада жұмыс істегеніме біраз жыл болды. Қазір бригадир болып қызмет атқарамын. Жұмысқа таңғы сағат 4:30-да келеміз де, сағат 6:00-де жұмыс басталады. Түскі үзіліске сағат 10:00-де шығамыз. Жұмысшылардың көбі ауылдан, әр аудандардан да келеді. Бізге киім-кешек пен құрал-жабдықтар толықтай берілген. Әркім уақтылы жұмысқа дайын тұрады, – дейді Ғайни Есмағанбетова.

Ғайни апайдың айтуынша, олардың бригадалары Сарыарқа ауданындағы Набережный Рамстордан бастап, Есіл жағалауы, сондай-ақ Атырау көпірінен Сейфуллин көшесіне дейінгі аралықтағы көшелерді тазалайды.

Жұмыста қиыншылықтар болады, бірақ біз оларды жеңіп келеміз. Ең қиыны ауа райының қолайсыздығы, әсіресе қысқы суықтар. Қыста қарды күреп, автобус аялдамаларын ашу – бірінші кезектегі міндеттеріміз. Ал жазда негізінен қоқысты жинаумен айналысамыз. Бірақ қандай жағдай болмасын, қызметімізді адал атқарамыз, – деді.

Астана тұрғындарының тазалыққа деген мәдениеті де жылдан жылға жақсарып келе жатыр деп есептейді Ғайни Есмағанбетова.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазір адамдардың көбі бізге алғыс айтып, ризашылық білдіреді. Әрине, кейбіреулер қоқыстарын дұрыс тастамайды, бірақ жалпы мәдениет өсіп келеді, – дейді ол.

Жұмыс барысында денсаулыққа әсері болса да, қызметкерлер өздерін күтеді, ай сайын медициналық тексеруден өтеді деп отыр. Сондай-ақ белгілі бір жеңілдіктер де қарастырылған.

Жиырма төрт жыл бойы осы салада еңбек еттім. Астана тазалығын сақтауға өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Қаланың көркеюі мен тазалығы – біздің тікелей міндетіміз, – дейді Ғайни апай.

Отбасы туралы айтар болсақ, үш баласы, немерелері бар. Жолдасы да осы салада еңбек еткен және бірге ұзақ жылдар қызмет атқарған. Екеуі де қазір зейнеткерлік демалыста. Десе де, Ғайни апай жұмысын әлі де жалғастыру үстінде.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бұл жұмыс маған тек табыс көзі емес, сонымен қатар өмір салты. Астанамыздың тазалығына қызмет етіп, қаламыздың көркіне үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, – деді Ғайни Есмағанбетова.

Астана қаласының көшелері күн сайын таза болып көрінуі – олардың еңбегі мен төзімділігінің арқасы. Біз көше сыпырушыларымен сөйлесіп, олардың өмірі мен жұмысы жайлы әңгімелестік.

Қала тазалығын қамтамасыз еткен қайсар әйел

Гүлнәр Ильясова «Астана Тазалықта» 15 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өз қызметін жақсы көреді және таңертеңгі жұмыс кестесіне үйреніп қалғанын айтты.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Қар тазалау маған ең ұнайтын жұмыс. Қиын емес, керісінше денсаулыққа пайдалы, – дейді ол.

Гүлнәр лесозавод ауданынан келеді, әр таң сағат үште тұрып, жұмысқа дайындалады. Жұмыс барысында денсаулығына кейде ауырлық түседі, бірақ еңбегін сыйлайтын әріптестері мен басшыларына ризашылығын білдірді.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

«Біздің еңбегіміз бағаланады, алғыс хаттар мен сыйақы аламыз. Қыста тегін тамақ беріледі, мерекелерде концерттерге шақырады», – деп бөлісті Гүлнәр.

Адамдарға көше тазалығын сақтау туралы кеңес беріп, ол көшеде қоқыс тастауды доғаруды және әркім өзінің қоқысын арнайы орындарға салуын ұсынады.

Астананың тазалығы үшін ауылдан келеді

Айнагүл Хауай Нұр Есіл ауылында тұрады және 2013 жылдан бері Астанада көше сыпырушы болып жұмыс істейді. Ол таңертең сағат төртте ауылдан шығып, жұмыс орнына жетеді. Алтыда жұмысқа кірісіп, кешке дейін тазалықты қамтамасыз етеді.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

«Бұл жұмыс қиын болғанымен, біз үйреніп кеттік. Көшені таза ұстау – біздің міндетіміз. Қоқысты жинап, тазалау арқылы біз қалаға қызмет етеміз. Бұл біздің адал еңбегіміз», – дейді Айнагүл.

Ол он үш жыл ішінде тұрғындардың мәдениеті жақсарғанын, қазір көп адамдар көшедегі тазалықты сақтауға тырысатынын атап өтті. Кейде тұрғындар көмек көрсетіп, алғыс айтатынын да қуанышпен бөлісті.

Айнагүлдің айтуынша, қыста жұмыс ауырлайды, әсіресе әйел адамдарға қиын. Дегенмен, ол денсаулығы үшін уайымдамайтынын және жұмысты жақсы көретінін жеткізді.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жұмыстың ең жақсы тұсы – таңертең ерте тұру. Денсаулыққа пайдалы, әрі адал еңбек, – дейді ол.

Отбасында Айнагүлдің екі баласы және бес немересі бар. Алдағы уақытта зейнетке шыққанша осы жұмысты жалғастыру жоспары бар.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Екі сыпырушы да өз еңбектерін мақтан тұтады және қала тазалығы үшін аянбай тер төгіп келеді. Олар жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға қарамастан, өз міндеттерін адал атқаруда.

Тазалық – бұл біздің ортақ міндетіміз. Әркім өз мусорын дұрыс жерге тастаса, қала таза болады, – дейді Айнагүл.

Гүлнар да мәдениеттің қалыптасқанын, қазір тұрғындардың көпшілігі тазалықты сақтауға ұмтылатынын айтты.

Механика мен маңдай тер үндескен жұмыс

Астана – көркейіп келе жатқан заманауи мегаполис. Ал бұл қаланың тазалығы қарапайым, бірақ еңбегі орасан жандардың күн сайынғы тынымсыз жұмысының жемісі. Бұл іске таң сәріден бастап атсалысатын жандардың бірі – арнайы техника жүргізушісі Сәкен Төртбаев. Ол «Астана Тазалық» кәсіпорнында еңбек етіп, өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Сәкен Төртбаев – көпбалалы әке. Алты баланың әкесі. Үлкен ұлын үйлендіріп, енді кішкентайларын оқытып отыр. Қарапайым еңбек адамы. Ол таңғы жетіден бастап жұмысқа кіріседі.

Ең алдымен денсаулығын тексеріп, дәрігердің рұқсатын алған соң, техниканың жай-күйін қарап, жол парағын рәсімдейді. Содан кейін ғана арнайы техниканы қыздырып, жұмысқа шығады. Бұл – күн сайын қайталанатын тәртіп.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Машинаның майы мен суын тексеріп, қыздырып, таңғы сегізде базаға шығып кетеміз. Алдымен су толтыратын станцияға барып, техниканы дайындап аламыз. Содан кейін бригадирлер бізге қай көшелерді тазалау керектігін айтып, тапсырма береді. Сол бойынша жұмысымызды атқарамыз, – дейді ол.

Сәкен Төртбаев бүгінде су шашатын мен қар тазалайтын техника сияқты арнайы машиналарды басқарады. Мұндай техникалар – қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Оларды басқару үшін тек жүргізушілік шеберлік емес, техникалық сауат пен ұқыптылық та қажет. Қыста боран, көктайғақ, жазда аптап ыстық – бәрі де бұл мамандықтың қиындықтары. Алайда Сәкен үшін бұл – үйреншікті жағдай. Қиындықтарға төтеп беруді үйреніп кеткенін айтады.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жауапкершілік өте жоғары. Техниканы қадағалап, әрбір детальді тексеріп отыру қажет. Қыста жол тайғақ, боранды күндер көп болады. Сондай сәттерде жұмыс істеу қиындай түседі, бірақ бұл біз үшін үйреншікті жағдай. Қандай ауа райы болмасын, қаланың тазалығы үшін жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Техника болған соң бұзылып тұрады. Ондайда бізде арнайы жөндеу цехтары бар. Механикке көрсетіп, қажетті бөлшектерді ауыстырып, техниканы тез арада қайта қосамыз, – деді.

Сәкен Төртбаев еңбек жолын Астана көгалдандыру-құрылыс мекемесінде бастаған. Онда сегіз жылдай жұмыс істеп, жаңа бой көтеріп жатқан қаланың көшелеріне ағаш отырғызып, гүл егіп, қаланың көркеюіне үлес қосқан. Қазір де сол миссиясын жалғастырып келеді – тек бағыты өзгерген, енді қала көшелерінің тазалығы мен тәртібі үшін жауапты.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Тазалық – ең басты құндылық. Қала тұрғындарының өмір сапасы мен денсаулығы үшін тазалық ауадай қажет. Соңғы жылдары адамдар да түсіністікпен қарай бастады. Бұрын су шашқанымызға ренжитіндер көп еді, қазір бәрі керісінше – қолдау білдіреді, – дейді арнайы техника жүргізушісі.

Кейіпкеріміздің сөзінше, бұрынғыға қарағанда қазір көпшілігі тазалықтың маңызын жақсы түсінеді. Қоғамда тазалық мәдениеті қалыптасып келеді.

Бұл жұмыс ең алдымен шыдамдылықты қажет етеді. Әсіресе қыс мезгілінде, ауа райы қолайсыз кезде, еңбек қарқыны арта түседі. Алайда ұйымшыл ұжымның қолдауымен барлық қиындықтар еңсеріледі.

Жұмысшыларға белгілі бір әлеуметтік қолдаулар да көрсетіледі. Қысқы маусымда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, медициналық тексеруден өту мүмкіндігі бар. Бұл – олардың денсаулығын сақтау мен еңбекке қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралар.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Ең алдымен, шыдамдылық керек. Қыстағы қиын ауа райына, ұзақ уақыттық жұмысқа төтеп бере білу қажет. Жауапкершілік пен ынта да маңызды. Қыстың күні тегін тамақ беріледі. Медициналық тексерістен тегін өтеміз, қажет жағдайда емделуге де мүмкіндік бар, – дейді Сәкен Төртбаев.

Қызметкерлер мен техникалар: маусымдық айырмашылық

«Астана Тазалық» кәсіпорынның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Ержан Айтмаханұлы қазіргі таңда қала тазалығын қамтамасыз етуде қандай жұмыс атқарылып жатқанын, қандай түйткілдер барын және болашаққа қандай жоспар қойылғанын айтып берді.

Ержан Айтмұханұлы 2019 жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы ретінде тазалықты жүйелі түрде басқару мен жаңғыртуға үлес қосып отыр.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазіргі таңда жаз мезгілінде «Астана Тазалық» мекемесінде 1300-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл сан қыс мезгілінде 2000 адамға дейін ұлғаяды, себебі қыста қар тазалау жұмыстары көбейеді. Қала тазалығы – жыл он екі ай үздіксіз атқарылатын жұмыс, – дейді кәсіпорынның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы.

Кәсіпорынның техникалық паркі де кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. 2024 жылы 30-дан астам жаңа техника сатып алынған. Биыл да шаң-тозаңға қарсы 5 жаңа техника алынған. Ең ескі техникалар 2014–2015 жылдары шыққан үлгілер.

Қалдықтарды сұрыптау – басты мәселе

Ержан Айтмұханұлының айтуынша, қазіргі таңда Астанада тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесі толық жолға қойылмаған.

«Біз қоқыс жәшіктерін орнатумен айналыспаймыз, тек қана көше бойындағы жиналған қалдықтарды шығарамыз. Қалалық аумақтарда 6000-ға жуық қоқыс контейнері бар. Алайда кейбір аудандарда, мысалы Сарайшық, Сарыарқа, жаңа вокзал маңында контейнерлер жеткіліксіз. Жергілікті әкімшілік тарапы мұны қолға алуы керек», – дейді ол.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

ингфографика

Соңғы үш жылда қалдық көлемі 5–10% өскені байқалады. Мысалы, бұрын тәулігіне 30-40 тонна қоқыс шығарылса, биыл көктемнің басында бұл көрсеткіш 80 тоннаға дейін жеткен. Қазіргі таңда 40 тоннаның шамасында қоқыс шығарылады.

Қалдық көлемінің азаюына себеп – қыста қаланың ішкі жолдарына құм себу тәжірибесінің тоқтатылуы. Бұрын құм көктемде тазартылған кезде қосымша қоқыс көлемін көбейтетін. Бұл мәселе жергілікті әкімдік тарапынан кезең-кезеңімен шешіліп келеді, – дейді.

Қаланың басты экологиялық проблемалары

Ержан Айтмұханұлының айтуынша, қазіргі кезде қаладағы негізгі проблемалардың бірі – құрылыс нысандарынан шыққан балшық пен қалдықтар. Құрылыс техникасы қала көшелеріне лас із қалдырып, экологиялық ахуалды ушықтырып отыр. Сонымен қатар бетон араластырғыш көліктердің асфальтқа бетон қалдықтарын төгуі де елеулі мәселе екенін жеткізді.

Экологиялық шаралар мен ынталандыру

2024 жылдан бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – халық арасында экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған жақсы бастама.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Халықты экологиялық мәдениетке тарту үшін әлеуметтік желілерде тәрбиелік роликтер жарияланып, Хабар агенттігімен бірлесіп 100 ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Коммуналдық мекемелер арасында экологиялық челлендж де ұйымдастырылды, – дейді спикер.

Дегенмен, бұл тек маусымдық емес, тұрақты жүйеге айналуы қажет. Ержан мырзаның айтуынша, экологиялық тәрбие мектепке дейінгі жастан басталуы тиіс.

Мысалы, Германияда қоқысты сұрыптау мәдениеті балабақшадан үйретіледі. Сол тәжірибені бізге де енгізу маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қаламызда қоқысты сұрыптау пункттері жеткіліксіз, тіпті кей аудандарда мүлде жоқтың қасы, – деді.

Қызметкерлерге жасалған жағдай

Қызметкерлерге жағдай жасау – кәсіпорын басшылығының басты назарында. Қыс мезгілінде бір реттік ыстық тамақ, тегін жолдамалар, жұмыс киімдері, тасымалдау қызметтері қарастырылған. Сонымен қатар қызметкерлерге тұрғын үй мәселесін шешуге де көмек көрсетілуде.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бұдан өзге еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақылары, спорт кешендеріне тегін жолдама қарастырылған. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде жарияланғандықтан, қызметкерлерімізге баспана алуға жеңілдетілген бағдарламалар ұсынылды. Біздің мекемеден бір қызметкеріміз «Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болды, – дейді Ержан Айтмұханұлы.

Кадр тапшылығы: имидж мәселесі

Кадр тапшылығы, әсіресе арнайы техника жүргізушілері мен жол жұмысшылары арасында байқалады. Бұған себеп – кейбірі бұл салада болашағын көрмейді немесе ауыр жұмысқа қызықпайды. Бұл жағдайды өзгерту үшін сала имиджін көтеру қажет екенін айтады.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Әсіресе қыс мезгілінде арнайы техниканы басқара алатын жүргізушілер мен жол жұмыстарына жауапты бригадирлер жетіспейді. Бұл салада жұмыс істеуге жастар аса ниет білдіре бермейді. Себебі көпшіліктің санасында «Астана Тазалық» тек қана қолына сыпырғыш ұстаған адаммен байланысты. Осы ойды өзгерту үшін мектеп, колледж оқушыларымен арнайы таныстыру шаралары өткізіліп жатыр, – деді кәсіпорынның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Ержан Айтмаханұлы.

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

El.kz/Арман МҰХАТОВ