Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Ақжайық жас дарыны – 2025» облыстық форумы өтті. Жиында республикалық және халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форумға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, «Өрлеу» БҚО филиалының директоры Софья Ізмұханбетова, ардагер ұстаздар, дарынды оқушылар және олардың ата-аналары қатысты. Шараға 800-ге жуық адам жиналды.

Жиынға қатысушылар форум алдында ұйымдастырылған арнайы көрмеде 10 оқушының ғылыми жобасымен жақын танысты. Ал салтанатты бөлімде 78 оқушы мен 76 педагогтың жетістігі аталып, олар алғыс хатпен және гүл шоғымен марапатталды.

Форум соңында Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектеп оқушысы Саида Әбуханова сөз сөйледі.

«Менің бұл жеңістерім жәй ғана нәтиже емес, үлкен тәжірибе болды. Өзіме сенімім күшейіп, көптеген достар табуыма, жаңа мүмкіндіктер әлеміне есік ашуыма көмектескен ерекше сәт болды. Әрине, бұл жетістігіме ұстазым Диана Азаматқызының қосқан үлесі зор. Ол менің ұстазым ғана емес, әрі ақылшым, әрі сенімді досым секілді. Сол кісінің қолдауымен, бағыттауымен мен қарапайым ауыл баласы да осындай үлкен жеңіске жете алатынын дәлелдей алдым. Бізге білім берген алтын ұя мектебімнің барлық ұстазына алғыс айтамын. Білім мен ғылымға көрсетілген зор қамқорлығы үшін мемлекетімізге, облыс басшыларына ризашылығымыз шексіз. Осы үмітті ақтауға тырысамыз», деді Жалпақтал ауылынан келген жас ұлан.

Өңір басшысы елімізде және облыста білім саласында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ақжайықтық оқушылардың білім саласындағы табыстарына жоғары баға беріп, үздік оқушылар мен ұстаздарды ерекше ықыласпен құттықтады. Батыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында былтырдан бері 3 оқу орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 білім ордасы бой көтереді. Ал алдағы жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңаратын ғимараттар қатарында Саида оқитын Кенжебек Меңдәлиев атындағы мектеп ғимараты да бар.

Батыс Қазақстан облысы